
Исатайда жаңа оқу жылында 5400 оқушы білім алады
Исатайда 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, аяқталуға жақын. Ауданда барлығы 16 жалпы білім беретін мектеп, 12 бөбекжай-бақша, 3 саз мектебі, оқушылар үйі, дене шынықтыру клубы және психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінің барлығында жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізіліп, оқу процесіне қажетті қауіпсіздік пен техникалық құжаттар толық рәсімделді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл аудандағы білім беру ошақтарында STEM, психология, инклюзия, математика, еңбек кабинеттері ашылып, бірқатар мектепте LED экрандар орнатылды. Сонымен қатар бөбекжай-бақшаларда жылы еден төселіп, санитариялық талаптарға сай жөндеулер жүргізілді.
-2025-2026 оқу жылында аудан бойынша 5403 шәкірт білім алады. Оқушылардың артуына байланысты жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алынып, толық жеткізілуі қамтамасыз етілуде. 1-сыныпқа қабылдау науқаны әлі де жалғасуда. Оқушыларды мектепке тасымалдау 100% қамтамасыз етіліп, 4 жаңа автобус сатып алынды. Тамақтану сапасын арттыру мақсатында мектеп асханалары жеке кәсіпкерлерге беріліп, санитариялық талаптарға сай жұмыс істеуде. Сондай-ақ ауданда қосымша білім беру бағыты да дамуда – саз мектептері, спорт секциялары мен өнер үйірмелері оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауда, — деді аудандық Білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева.

Білім сапасын арттыру мақсатында «Атырау жаңа мектебі», «Мақсатты 943 мектеп», «Lesson Study» секілді жобалар іске асырылуда. Мұғалімдер Финляндия мен Эстонияда тағылымдамадан өтіп, озық тәжірибелерді меңгеруде. Қазіргі уақытта ауданда 802 мұғалім еңбек етеді, дегенмен кей пәндер бойынша кадр тапшылығы сақталғандықтан жас мамандарды тартуға арналған шаралар да қолға алынған.