Исатайда «Alaqan Mektep» жүйесі іске қосылды
Исатай ауданында білім беру саласындағы цифрлық жаңашылдық – «Alaqan Mektep» жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлады.
Енді оқушылар мектеп асханасына кірген кезде алақанын арнайы құрылғыға сканерлейді. Жүйе ата-аналарға баласының асханадан тамақтанғаны туралы ақпарат пен ас мәзірін қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысқа жаңа деңгей сыйлаумен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Жоба білім беру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және оқушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Жүйе ата-аналарға балалардың тамақтануын бақылауды жеңілдетіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
2025 жылдың наурызына дейін облыстағы 127 мектепте толық іске қосу жоспарланып отыр.
Аталған цифрлық жүйе «Бизнес әмиян» ваучерлік қаржыландыру сервисімен интеграцияланған. Қазір 5-11 сыныпта ыстық тамақпен қамтылған 6 958 оқушы туралы мәлімет осы сервиске енгізілген. Бұл ата-аналарға баласының асханадан тамақ ішкенін немесе ішпегенін растауға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін әлеуметтік осал топқа жататын 1-4 сыныптағы 57 812 оқушы мен 5-11 сыныптағы 9947 оқушы осы жүйеге қосылады.
Сервис арқылы ата-аналар баласының тамақтану жағдайын ғана емес, көрсетіліп жатқан қызметтің сапасын да бақылай алады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА