Өңірдегі 1720 кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайтады
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Атыраудағы 10 мыңнан астам тұрғынның еңбекақысы көтеріледі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты. Өңір басшысы «Елбасының Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылдың 9 айындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» тақырыбында сөз сөйледі.
Атап айтқанда, Нұрлан Ноғаев жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту шараларына тоқталды.
«Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жылдың екінші тоқсанында 4,9 %-ды құрады. Жалпы 26 494 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 16 246 – тұрақты және 10 248 — уақытша. Жұмыспен қамту орталығымен 16 666 адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға 4 956 адам жіберілді, 411 адам кәсіптік даярлықтан өтті. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1720 кәсіпорында 42 мың теңге жалақы алатын 10 415 адамның еңбекақысы ұлғайтылады. Қазіргі уақытта өңірдің 21 кәсіпорнында қызметкерлердің жалақысын арттыру шаралары жүргізілуде. Бұл кәсіпорындарда жалпы 2 587 адам жұмыс істейді», — деп нақтылады Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1166 кәсіпкер 81,4 млрд. теңге көлемінде қаржылық қолдау шараларымен қамтамасыз етілген. Бұл әрекет 5778 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, сондай-ақ, 15 970 жұмыс орны сақталып қалды.