Ирак түрмесінде жатқан қазақстандық әйелдердің балалары елге қайтарылады
Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. Қазіргі уақытта Ирак түрмесінде Қазақстанның бірнеше әйелі отыр. Ресми ақпаратқа қарағанда, Ирак билігі ол әйелдерді өмір бойы бас бостандығынан айырған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мәлімдеді. Спикердің айтуынша, ол әйел адамдар елге қайта алмайды. «Себебі, біздің мемлекетіміз бен Ирактың арасында жазасын өтеушілерді елге қайтару туралы келісім жоқ. Сол себепті, Қазақстан аталған әйелдердің балаларын елге қайтаруды жоспарлап отыр. Біздің ақпаратымызша, шамамен 14-15 бала елге қайтарылуы тиіс. Бірақ, олардың ішінде Атырау облысының балалары жоқ» дейді спикер Қайролла Көшқалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қақтығыс аймақтарынан Атырауға 36 адам әкелінген.
«Оның ішінде 9 ер адам, 23 әйел адам бар. 66-сы бала. Қазіргі уақытта 9 ер адамның, 6 әйел адамның үстінен қылмыстық іс қозғалуда» дейді спикер.
Бүгінде атқарушы орган білікті мамандар санын арттыруды басты назарда ұстап отыр. «Қазіргі уақытта облыста 74 имам қызмет етеді. 2017 жылы атыраулық 18 студентке стипендия мен оқу гранттары тағайындалған болатын. 2018 жылы 44 студент қамтылды. Биылғы жылы да 60-қа жуық студенттің қаражаттары төлене бастады. Бүгінде шәкірттер Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде, ливандық «аль-Джинан» университеті, Татарстанның Ислам институты, Түркияның «Хасеки» академиясы, Башқұрт университетінде білім алуда. Біздің мақсатымыз – халықтың рухани сұранысын білікті мамандар арқылы қамтамасыз ету» деп атап өтті спикер Қайролла Көшқалиев өз сөзінде.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА