Өңір экономикасында өсім бар
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қандай? Ол өткен уақытта қаншалықты өсіп отыр? Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялық қызмет орталығында өткен брифинг барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғайша ӘБЕЖАН баяндады.
Ол келтірген мәліметтерге сүйенсек, бірінші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім 2 382,4 миллиард теңгені құрап, межелі жоспардан асып түсті. Бұл жан басына шаққанда 3 984,6 теңгеден келеді. Бұл орайда, біз республика бойынша көш бастаудамыз.
— Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6 триллион теңге болды. Ол төмен көрсеткіш емес. Инвестиция көлемі де 44,4 пайызға артып, 1 646,2 млрд. теңгеге жетті. Осындай оң өзгерістер ауылшаруашылық саласында да бар. Мәселен, былтыр жалпы құны 52,8 млрд. теңгеге өнім жинақталды. Сондай-ақ, аймақ экономикасына қан жүгіртіп отырған сала – шағын және орта бизнес. Бүгінде Атырауда елу мыңға жуық кәсіпкер тіркеліп отыр. Екінші бір маңызды көрсеткіш, инфляция деңгейі қараша айының басында 6,1 пайыздан аспады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен, — деп атап өтті аймақтың бас экономисі.
Былтыр мемлекет қоржынына 638,6 млрд. теңге кіріс түскен екен. Оның үштен бір бөлігі облыстық және қалғаны республикалық бюджетке тиесілі. Бұл ретте, көзделген міндет артығымен орындалған. Ал, Ұлттық қорға 439,8 млрд. теңге аударылып үлгерген.
Елбасының өңір жетекшілерінің алдына қойған нақты міндеттерінің тағы бірі «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасынан көрініс табады. Нұрғайша Халидоллақызы бөлінген қаржының мақсатты жұмсалғанын айтады.
— Таратып айтар болсам, Атырау қаласының бас жоспары жасақталды. Жаңадан салынған ықшамаудандарға жарық желілері тартылды. Қалаішілік жолдар қайта жаңғыртылды. Шағын спорт және балалар алаңдары салынып, қосымша автобус аялдамалары мен су бұрқақтары орнатылды. Сондай-ақ, өз бетімен ағатын кәріз жүйелері жүргізілді. Мектептер күрделі жөндеуден өтті. Жаяу жүргіншілерге арнайы жолдар төселіп, көгалдандыру жұмыстары қолға алынды, — дейді ол.
Ал, «Дипломмен – ауылға!» жобасы арқылы 40 маманға мемлекеттен 127,2 млн. теңге несие бөлінген. Оған қоса, өткен он айда жоспарланған 137 маманның жартысына көтерме жәрдемақы берілді.
Аудандардағы көрсеткіштерге тоқталсақ, Жылыой мен Қызылқоғада өнеркәсіп өнімі еселеп артқан. Сонымен бірге, облыс орталығы мен Жылыой ауданында құрылыс қарқын алған. Тұрғын үй құрылысы бойынша Индер ауданынан басқаларында жоғары көрсеткіштер тіркелген. Әйтсе де, «әттеген-ай» дегізер тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, ауылшаруашылық өнімін өндіруден Мақат ауданы кенже қалып отыр. Сол сияқты, Индер, Мақат, Махамбет аудандарында инвестиция тарту азайған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ