Инвестиция игілігі – мұнайлы мекенде немесе «Atyrau Invest-2016» форумынан не түйдік?
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Атырауда «Atyrau Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы жоғары деңгейде өтті. Оның аясында жергілікті және шетелдік инвесторлар арасында бірқатар келісім—шарттарға қол қойылды. Жоспарланып отырған инвестиция көлемі 609,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Сайып келгенде, өңір мен ел экономикасын дамытуға аталмыш шара ықпалымен нақты қандай қадамдар жасалды? Форумға арнайы қатысып қайтқан тілшіміз осы және өзге де сауал—дарға жауап іздеді.
205 миллиард теңге – Атырауға!
«Форумға қатысамыз» деген жүздеген кәсіп иелері жер—жаһаннан қазыналы аймаққа ағылды. «Атырау» мәдениет үйінде ине шаншар орын қалмады. Биылғы форумның ерекшелігі сол, алғаш рет облыста мұнай—химия саласын дамытуға арналған «AtyrauPetro|ChemicalDayInvest 2016» шарасы ұйымдастырылды. Осыдан тура үш жыл бұрын өткен алғашқы форумға оралсақ, 50 миллиард және былтыр 19 миллиард теңгеге келісім—шарт жасалған еді. Ал, бұл жолы еліміз Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толу қарсаңында аймақ қазынасына 205 миллиард теңге, яғни, 609,2 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Осылайша ел тарихына жаңа рекорд енгізілгелі отыр!
Облыс әкімдігі мен франциялық «Issmat investment & finance» компаниясы бірқатар жобаларды жүзеге асыруды мақсат етуде. Атап айтқанда, Индер ауданында қуаты 80 мВТ гибридті күн электрстансасы мен 40 гектар аумаққа жылу орталығы салынбақ. Киноконцерт залын қайта жаңғырту негізінде шетелдік инвесторлар күшімен жаңа бизнес—орталығын құру да жоспарда бар. Сондай—ақ, жылына 250 мың тонна қоқыс қалдығын өңдеп шығаратын зауыт салу жобасы 70 миллион АҚШ долларын немесе 23,5 миллиард теңгені қажет етеді.
«ЖОЛЫ БОЛҒАН» ЖОБАЛАР
Айтулы шара барысында инвестицияны қажет ететін елу жоба көпшілікке ұсынылды. Енді солардың ең маңызды дегендеріне тоқталып өтсек. Біріншісі – тауарлы бекіре фермасының құрылысы. Ол тауарлы балық өндірісін қолға алып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізбек. Екіншісі – Каспий теңізінің жағасына жақын орналасқан Исатай ауданының Зинеден ауылында туристік кешен салу. Мақсат – ішкі және сыртқы туризмді дамытып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту. Үшіншісі –аймақта баламасы жоқ ипподром ашу арқылы ұлттық спорт түрлерін дамыту. Төртіншісі – күн және жел генераторларынан құралған «энергетикалық ағаш» жобасын жүзеге асырып, жеке тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды баламалы қуат көзімен қамтамасыз ету. Бесіншісі – дәруменді—шөптік ұн өндірісін іске қосып, аймақты ақуыз бен дәрумендік азықпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу.
БАТЫЛ БАСТАМАЛАР АЛАҢЫ
Форум аясында қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған жауапты аймақ басшысы мен шетелдік қонақтардың өз ауыздарынан естіді.Солардың бірі Айтуынша, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында бұл жоба сәтті жүзеге асырылған. Енді Ақтөбе облысында енгізілуде. Ол 750 миллион теңгені қажет етеді. Бұл орайда облыс әкімі халықтың тұрмыс—жағдайына қатысты мәселелер назардан тыс қалмайтынын айта келіп:
— Медициналық картаны электрондық форматқа ауыстыру арқылы емделуші өзімен бірге артық қағаз арқалап жүрмейді. Дәрігер оның аты—жөні арқылы бар мәліметті электрондық базадан тауып алады. Бұл – өте ыңғайлы жүйе. Өкінішке орай, қазір көрсетілетін қызметтің сапасына қағазбастылық кері әсер етеді. Сіз айтып отырған жүйе медициналық қызмет сапасының өсуіне оң ықпал етеді, — деді.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖОБА
Форум басталмас бір күн бұрын журналистер арнайы экономикалық аймақта былтыр алғаш болып іске қосылған «PolymerProduction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс барысымен танысып шықты. Өндіріс орны елімізде бірінші болып биаксиальды бағыттағы полипропиленді пленкалар мен қапшықтарды, полиэтиленді қаптамаларды шығарумен ерекшеленеді. Одан басқа, аталмыш аймақта 2020 жылға қарай жылына 500 мың тонна полипропилен өнімін шығаратын газ—химиялық кешен іске қосылатын болады. Күні кеше ғана жаңа полипропилен өндірістік нысан құрылысына «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС мен Қытай мемлекеттік даму банкінің арасында 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде несиелік келісім-шартқа қол қойылды.
Шараның енді бір бөлімі кәсіпкерлерге арналған сервистік қызметке ұласты. Онда «Даму» қоры, экспорт пен инвестиция бағытындағы «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі, қазақстандық индустриялық даму институты, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы, т.б. ұйымдар мен мекемелер өкілдері пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сонымен бірге, «Бизнестегі әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында арнайы панельдік сессия ұйымдастырылды.
ИНДУСТРИЯ ИІРІМДЕРІ
Аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев келтірген мәліметтерге сүйенсек, республика капиталының 20 пайызы, яғни, 100 миллиард АҚШ доллары Атырау облысы бойынша тартылған инвестиция үлесіне тиесілі екен. Ішкі тауар айналымы былтырдың өзінде 17 млрд. АҚШ долларын құрапты. Оның айтуынша, өңірде көмірсутекті шикізаттың ең ірі Теңіз бен Қашаған бастаған 87 кен орны бар.
— Үстіміздегі жылдың сегіз айында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 8,2 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Бұл былтырға қарағанда 21 пайызға көп. Облыста он мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, соның 455-і шетелдік және 322-сі біріккен кәсіпорындар. Ал, шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі өткен жылы 4 млрд. АҚШ долларын құрады
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен 2010 жылдан бері жалпы құны 130 млн. АҚШ долларына барлығы 26 жоба пайдалануға беріліп, тағы екеуі жүзеге асырылуда, — деді Ғұмар Исламұлы.
Мұнайлы мекен еліміздің индустрияландыру бағдарламасына да белсенді қатысып келе жатқанын да айтып өткен жөн. Айталық, 9 млрд. АҚШ долларына 49 жоба жүзеге асырылуда. Атап өтер болсақ, олар мұнай-кәсіптік жабдықтар үшін әртүрлі тығыздағыш төсемдер өндірісі (Ұлыбритания), металопластик тұрбалар зауыты мен химиялық реагенттер өндірісі (АҚШ), ірі габаритті және аса ауыр жабдықтар жасау (Швейцария), оптикалық кабельдер шығару (Қытай) және тағы басқа жобалар.
Амандық сағынтайұлы
Танымды да тағылымды форум үзбей өткізіліп тұрса екен. Жылына екі мәрте ұйымдастырылып отырса да артық етпейді. Сондай-ақ, бір күнмен ғана шектелмей, бірнеше күнге ұзартылса жақсы болар еді. Келесі жолы осы жағы ескерілсе деген тілегім бар.