ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

«Қыс – қатал сыншы» демекші, оған ерте дайындалған ұтылмайды. Алдын-ала қамданып, тыңғылықты дайындық жүргізгенде ғана табиғаттың тосынына қарсы тұрып, қиыншылығына төтеп берерің даусыз.

Бұл тұрғыдан келгенде, жолшыларға да жүктелер міндет ауқымы мен жүгі аз емес. Өйткені, олар өздерінің қарамағына берілген жолдарды жөндеп, күтіп-ұстаумен қатар қыс айларындағы ауа райының қолайсыз жағдайларында (әсіресе, көктайғақ болып, көліктердің жолда жүруі қиындаған кезде) қозғалысты қалпына келтіру үшін әрекет қылып, уақытпен санаспай жұмыс жасайтын да осы жолшылар.

Осы орайда өздеріне жүктелген осынау міндетті абыроймен атқарып жүрген ұжымдардың бірі де бірегейі – «Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалы. Қазіргі таңда облыс аумағы арқылы өтетін автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2762 шақырымды құраса, соның 1672 шақырымы жергілікті, ал, 990 шақырымы республикалық  маңыздылықтағы жолдар  болып есептеледі. Жоғарыда аталған  кәсіпорын  осылардың соңғысының күтіп-ұстап, жөндеу шараларымен шұғылданады.

– Жыл басында жоспарланғанындай, осы мезгілге дейін біздің күшімізбен «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомагистралы бойынша 51,9 мың шаршы метр, «Атырау-Орал» бағытындағы тас жолдың 7,3 мың шаршы метр бөлігі орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

Бұдан басқа ауданы 152 мың шаршы метр қамтитын жолдың жарылып, сызаттанған және 91,0 мың шаршы метр шоқалақтанған тұстарын жөнге келтірдік, белгіленген 570-тің орнына 584 шақырымы таңбаланып, 320 дана жол белгісі мен 1500 дана дабыл бағаншасын орнаттық. Бұл жұмыстарды атқаруға 700 млн. теңге сомасында қаржы қаралса, күні бүгінге соның 675 млн. теңгесі игерілген. Әлі де болса, Ганюшкин мен Индер бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда, – дейді кәсіпорын директоры Сейітжан Молдашев.

Жолшылар «Қамданған қапы қалмайды» дегенді ескеріп, алдағы қыс кезеңіне де қамданыс үстінде екен. Соның айқын дәлеліндей, жақында кәсіпорын базасындағы арнаулы техникалар мен көліктердің сын шақта жұмыс жасауға әзірлігі тексеріліп, олардың  маңызды да жауапты науқанға сақадай сай, дайын екендігіне көз жеткізілді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз