ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА: Қаражат 98 пайызға игерілді
Тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтаушы кәсіпорын — «Атырау Жарық» АҚ аймақ тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру және электр желілерінің тұрақты да жүйелі жұмысын қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау бағытында былтыр ауқымды іс-шараларды іске асырды. Бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жоспарлы жаңғырту және жөндеу жұмыстары межелі мерзімінде толықтай орындалды. Бұл туралы осында өткен кезекті баспасөз турында баяндалды.
Акционерлік қоғамның президенті Мейірбек Ғұбашевтің айтуынша, есепті мерзімде Атырау облысы Жылыой ауданындағы №145 «Қаратон-2» ПС-110/35/10 кВ станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылды. 1986 жылы пайдалануға беріліп, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, Теңіз вахталық қалашығын, сондай-ақ «ТШО» ЖШС базаларын, асханаларын және басқа да құрылымдық нысандарды электрмен жабдықтауға арналып салынған бұл станцияның қуаттылығын арттыру мақсатында мұндағы ОРУ-110 кВ құрылғылары ауыстырылды. Осында орнатылған жаңа элетрогазды ажыратқыштар жоғары сапалы көрсеткіштермен ерекшеленеді. Оларды орнату материалды тұтынуды азайтады, қызмет ету мерзімін арттырады.
— Сондай-ақ 32 ТП/КТПН нысаны қайта жаңғыртылып, ұзындығы 39,48 шақырым ВЛ-10/06/0,4 кВ сымдары мейлінше төзімді түрімен алмастырылды. Жаңғырту барысында трансформатор бекеттері бөлшектеліп, олардың орнына толықтай қалалық трансформаторлық бекеттер орнатылды. Соның нәтижесінде перспективті электр қуатын қосу мүмкіндігі 71%-ға артты. Компания алдағы уақытта да өңір тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсетуді және тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруға ниетті, — деді М.Ғұбашев.
Бұдан бөлек, кәсіпорынның автопаркі жаңа, арнайы көліктермен (барлығы 8 дана) толықтырылды. Сондай-ақ, бір дана «АНГСТРЕМ-3» электротехникалық лабораториясы сатып алынды. Айта кетейік, 2023 жылғы инвестициялық бағдарламаға 1 млрд. 317 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, ол 98%-ға игерілді.
Дәулетқали АРУЕВ