Instagram желісіне тіркелген Президент Тоқаевтың 301 мың оқырманы бар
Atr.kz/ 11 сәуір, 2019 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram желісіне тіркелді.
«Құрметті Отандастар! Жақында өңір әкімдеріне жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында əлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырдым. Өздеріңізге белгілі, мен бірнеше жылдан бері Twitter желісін белсенді қолданып, мемлекетіміз үшін ең маңызды деген дүниелермен бөлісіп келемін. Ендігі ретте осы үрдісті халық ең көп шоғырланған Instagram желісінде де жалғастыруды жөн деп таптым» деп пост қалдырды іс басындағы Президент.
Президент қазіргі уақытта Instagram желісінде тоғыз пост қалдырған. Аз күн ішінде Президентке 301 мың оқырман жазылып үлгеріпті. Президент Instagram парақшасына жүктеген посттардың қатарында республикалық «Айқын» газетінде жарияланған сұхбаты бар. «Республикалық «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінің бүгінгі сандарына «Барымыз да, бағымыз да — Тәуелсіздік» деген тақырыппен сұхбатым жарық көрді. Елбасы жасап берген басқару мен сабақтастықтың жаңа үлгісі, әділеттілік ұстанымы және осы басталған даму жолымен жүру сияқты негізгі қағидалар жөнінде кеңінен әңгімелестік» деп жазған Президент. Жарияланғанына бір апта болған пост 39 035 лайк жинап үлгерген. Желі қолданушылары 597 комментарий қалдырған.
Ресей мемлекетіне сапарынан жүктеген Президенттің видеосы 221 мың қаралымға ие болды. Бұл видео астына Президент «Мәскеу Кремлінің қабырғасын бойлай орналасқан Александр бағындағы Мемориалдық сәулет ансамбліне бардым және Ұлы Отан соғысы батырларының рухына тағзым етіп, Белгісіз солдат бейітіне гүл шоғын қойдым. Қазақстан майданға 1,8 млн адам жөнелтті, оның жартысы оралған жоқ» деп жазба қалдырған.
Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram желісіндегі жазбаларын қазақ және орыс тілдерінде қалдырып отырады. Бұған дейін Twitter желісінің белсенді қолданушысы болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазбаларын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қалдырып келген еді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.