Инклюзивті кабинет – балалар игілігіне! (+ФОТО)
Аtr.kz/22 сәуір, 2019 жыл. «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында инклюзивті білім беретін мемлекеттік ұйымдарға аймағымыздағы қоғамдық-партиялық бақылау топтарының қатысуымен мерзімді түрде қоғамдық бақылау жүргізіп тұрады.
Осындай кезекті қоғамдық бақылау шарасы Атырау қаласында №6-шы Мұрат Мөңкеұлы атындағы орта мектепте аутист балаларға арналып ашылған инклюзивтік кабинет жұмысына жүргізілді.
«Болашақ» коперативтік қорының қолдауымен 2018-2019 оқу жылында аталмыш мектепте ашылған бұл инклюзивтік кабинетте бүгінгі күні ерік-эмоциясы бұзылған 7 оқушы тьюторлық сүйемелдеу арқылы өз білім дағдыларын жетілдіруде. Бұл бөлмеде оларға арнайы жасақталып, жеке оқшауланған жұмыс орындары мен сергіту сәттерін өткізетін арнайы бұрыш қарастырылған. Білім беру орнында осы мақсатта 6 педагог-тәрбиеші штаты ашылып, мұғалімдер ерекше қолдауды қажет ететін осындай оқушылардың негізгі әлеуметтік ортаға кірігіп бейімделуіне ықпал етуде.
Жобалық негізде қыркүйек айынан қызмет етіп келе жатқан кабинет қызметкерлері мен ерекше балалардың ата-аналарының айтуынша қазіргі таңда балалардың бойында біраз оң өзгерістер байқалып, оқушылардың кейбірі өздігінен сөйлем құрастырып, кейбірі өлең шумақтарын жаттайтындай дәрежеге жеткен. Жобадағы біз байқаған бір кемшілік, ол, сыныптағы жүргізілетін барлық дәрістер тек орыс тілінде ғана өтеді екен.
Осы тексеріс тобының құрамында болған Атырау білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні облысымызда жалпы білім беретін 117 мектептің жанында инклюзивті біліммен 824 оқушы қамтылған. Осы «Болашақ» коперативтік қоры тәрізді, «Жас қоғам» жастар бірлестігі қоры ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларды қолдау мақсатынды «Атырау қаласындағы №5 орта мектептен инклюзивтік кабинет жасақтап, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Алайда, бұл оқу орнында әзірге, арнайы оқытушы мамандардар бірліктері қызметке кіріспеген.
Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ