ІНДЕТ пен МІНДЕТ
Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Әлеуметтік желіде ауыр ауру туралы әртүрлі әңгіме желдей ескенімен, оның адамзат басына түскен тажал екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қытайдан басталған дерт Еуропаны ендей өтіп, Азия мен Африканың аумағынан асып, мұхиттың ар жағына жетті.
1.Өткеннен сабақ алсақ…
Ал, наурызда ел шекарасынан аттап, күллі республикаға жайылды. Кесірлі кеселдің залалы мен зардабы екшеліп, келешекте қорытынды жасалар. Дегенмен, қазір-ақ қатерлі дерттің кешегісін қаперлеп, бүгінгісін бажайлап көрсек қайтеді? Ертеңге көз жүгірткен де артық болмас.
Мемлекет басшысы кейбір қателіктер кеткенін ашық айтты. Әйтсе де, мұның да бірқатар объективті себебі бар. Шындығында, тәуелсіздік алған уақыттан бері бүкіл республика территориясында төтенше жағдай жариялануы бірінші рет кездесіп отыр. Әр жылдары түрлі аймақта оқыс оқиғалар орын алып жататын. Бұдан біраз бұрын Мақат пен Доссорда қатты жаңбыр жауып, бірнеше үй құлағанда шұғыл шаралар қабылдау қажет болды.
Ал, күллі елді қамтып, жұрттың бәрін жабықтан сығалауға мәжбүр ету – алғашқы жағдай. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қаңтардың соңында журналистерге берген сұхбатында бізге төніп тұрған қауіптің жоқтығын айтқан. Әлде елді дүрліктірмей, сақтық шараларын астыртын алып жатты ма? Әйткенмен, турасын айтқанда, тұрғындар аса сенген де жоқ. Өйткені, күнделікті ақпарат құралдары бірінен екіншісі қорқынышты хабарларды үздіксіз таратып жатты. Әлеуметтік желідегі жай тіпті жаман-ды.
Рас па, өтірік пе – білмедік, бірақ, ана жерде, мына тұста құлап жатқан адамдарды көргенде, төбе шашың тік тұрады екен. Сонда да аса селт еткеніміз жоқ. Өзге елді дүрбелеңге салған оқиға бізді айналып өтетіндей көрінді.
Сонымен, жұрт жаппай карантинге қамалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған вирусты «пандемия» деп таныды. Бұл «жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы» деген ұғымды білдіреді. Мұндай жағдай жарияланған соң барлық мемлекет қауіпсіздік шарасын шұғыл алып, індеттің жайылып кетпеу жайын ойластыруы шарт. Гректің «пандемос» деген сөзінен шыққан. Қазақша баламасы – «барлық адамға тиесілі».
Рас, мамандардың айтуынша, бұл сөзден қорқудың қажеті жоқ екен. Өйткені, ол дерттің қауіптілігін емес, таралу ауқымын білдіреді. Оның үстіне, жұқпалы ауруларға ғана қатысты қолданылады. Бірақ, соның шартарапқа шарлап кетуінің өзі сескену сезімін тудырады емес пе? Парламентте қазір төтенше жағдайға қатысты қолданыстағы заңдылықтарды толықтыру туралы ұсыныс қаралуда. Мұндай заң бұрын да бар.
Бірақ, тосын жай турасынан келгенде қамтылмай қалған тұстары қылаң берді. Соның салдарынан талай түсінбестік туындады. Бүгін алған шешімді ертең қайта қарауға тура келді. Егер Президент сын сағаты соққанда кейбір кемшіліктер кездескенін айтып отырса, расында да, оралымсыздықтар орын алғаны ғой.
Алдымен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бой көтерген қатерлі дерт Атырауға қалай жетті? Көпшілік арасында сыртта жүрген адамдарды алдырғаннан тарағаны жөнінде жиі айтылады. Әрине, ықтимал. Бірақ, олар біздің азаматтар емес пе? Солардың ішінде шет елдерде білім алып жүрген ұл-қыздарымыз бар ғой. Қалай далаға тастаймыз?
Тәуелсіздіктің бастапқы баспалдағында да сонау аумалытөкпелі заманда шекара асып кеткен қазақтарды қайтардық емес пе? Сол жылдары күш-қуатымыз қазіргіден көп кейін еді. Соған қарамастан үстіне үй, алдына мал, қалтасына қаржы бердік. Енді ертеңімізге балаған балаларды қорғауға қауқарымыз жетпей ме? Онда елдігіміз қане?
Жақында Мәскеуде көше сыпырып жүрген Орта Азия елдерінен барған адамдарды көрсетті. Тәжік жігіті күнделікті бір үзім нан тауып жеу мұңға айналғанын айтады. Демек, мәселе — қазақстандықтардың туған жеріне оралуында емес, оларды қарсы алуда қауіпсіздік шараларының қатаң қадағаланбауында болып тұр. Толымды тәжірибе жоқтығынан соны дұрыс ұйымдастыра алмадық. Ауру белгісі білінген адам тиісті орынға басқалармен бірге жеткізілді.
Ұшақта қатар отырғаны өз алдына, енді тар автобуста тығылысуға тура келді. «Сырқат жанмен байланыста болған» деген сөз содан туды. Яғни, бір адам он, тіпті одан да көп кісіге жұқтыруы ықтимал еді. Ақыры, солай болды.
Сонымен қатар, медицина мекемелерінде кездескен кемшілік қынжылтады. Өзгені айтпағанда, Атыраудағы орталық ауруханадағы ахуал жұртшылықтың ренішін тудырды. Әрине, ақ желеңді жандардың ерлікке парапар істерін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, солардың өздері дерт жұқтырып алса, басқалар жөнінде не айтуға болады?
Шаһардағы №3 емхананы мақтаймыз. Қызметтеріне сандық жүйені алдымен енгізді. Жаңаша жұмыс жасап жатыр. Анау астанадан қонақтар келсе, алдымен соған апарамыз. Үлгі етеміз. Ал, медбикелері ауру жұқтырып алды. Қалай? Бұл бағытта кейін тексеру жүрер, бірақ, бастапқы күдікке ілінгендер осы емдеу орнынан шықты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, кейбір медициналық мекемелер жетекшілері қызметтен кетті. Қиындықты көтере алмады ма, әлде жауапкершіліктен жалтарды ма? Бейнелеп айтқанда, о баста қолға ауыр балтаны белге неге қыстырды? Мүлдем басқа себебі болса, кейін ол да айтылар. Бірақ, содан жағдай жақсарып кете ме? Мүмкін осы сала жұмысын түбірімен қайта жаңғырту қажет шығар?
Сондай-ақ, карантин әлсіз адамдардың жүйкесін жұқартты. Әрине, дерттің таралмау жолы – тек үйде болу. Бірақ, соған төзімділік таныту екінің бірінің қолынан келмеді. Жеке баспана тұрғындары ауласына кіріп-шығып жүрді. Ал, төрт қабырғаға телміргендер таң атырып, күн батырмағаны кәміл. Сыртқа шығып кетіп, қолға түсіп жүргендері де содан. Балконды басына көтеріп, ән салушылар да солар.
Ия, бұл шара да атқарушы билікке үлкен сын болды. Тұтас облыстың тұптұнық тіршілігін бір-ақ сәтте қайта құру оңай емес. Дегенмен, шырғалаңнан шыға білді. Басқа аймақтарда байқалғандай, көлік жүргізушілерінен немесе жеке азаматтардан алым алып, бекеттерден жасырын өткізіп жіберу дерегі бізде тіркелмеді. Соның өзі принциптіліктің белгісі.
Алайда, айналма жолды алашаң етіп, қашып жүргендер кімдер? Өзіміздің адамдар ма? Әлде көрші облыстардан келгендер ме? Келешекте сол маң да қырағы қадағалануы қажет. Қайткенде де, карантин керектігін жете түсінбедік. Ауылдағылар тіпті той-томалағынан қалмаған тәрізді. Шаһарда да шалқытып демесек те, шағын топпен шара өткізіп жібергендер бар.
Үш кісіден артық жиналуға болмайтындығы жөніндегі талап қайда? Ұйымдастырушылар не ойлады? Шақырғанға жетіп барған қонақтарды кінәлаймыз ба? БАҚ-да хабарлағанындай, басқа аймақтарда құқық қорғаушылардың өздері сауықсайран құрыпты. Бұдан тәртіп болар ма?
Ақырында, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желіні жүгендеген артық емес. Бәзбіреулер мұны азаматтардың еркіндігіне қол сұғушылыққа балар. Бірақ, сайып келгенде, адамды адастыратын сол сырттан келіп жатқан алыпқашпа әңгімелер. Әсіресе, мұның ешқандай дерт емес, әлдекімдердің саяси ойыны екенін айтқан сөзіне құлақ асушылар көп.
Соған ден қойған кейбір мемлекет халқына ие бола алмай қалды. Испания төніп тұрған қатерді елемей, 23 мыңнан аса адамы өлім құшты. АҚШ тұрғындары ереуілге шықты. Мұнда жұмыссыздық кеулеп барады. Қазір бұл ел кесірлі кеселге шалдыққандар мен қаза тапқандар саны бойынша алдыңғы орында тұр. Италияда 27 мың шамасында адам көз жұмды. Ұлыбританияда жарты мыңға жуық жан қайтыс болды. Ресейде ауырғандар саны 80 мыңнан асты. Соның ішінде 900-ге тарта әскери жұқтырған. Бұлардың бәрінде де халық шектеуді мүлдем алып тастауды талап етуде. Бұл табалдырықта тұрған қатерді мойындамау емес пе?
P.S.
Бұл баяндалған жайлар кешегі көріністің бір бөлшегі ғана. Кесірлі кеселдің зардабын кеш түсініп, қапы қалғанымыз енді ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы да соны айтып отыр. Бірақ, сонымен күрес барысында талай тың шешімдер алынып, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған батыл қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде ахуалды азды-көпті айықтыруға қол жеткізілді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ