Индердің бір бөлігі электр қуатынан ажыратылды
Атырау облысы Индер ауданы Индербор кентінің бір бөлігі электр қуатынан ажыратылды. Бұл шешім жер астындағы құбырдан шыққан суды жоюды қауіпсіз жүргізу үшін қабылданған. Бұл туралы Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов хабарлады.
–Қазіргі уақытта судың төгілу салдарын жою мақсатында Жайық өзеніне су айдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар апатты учаскенің айналасында үш деңгейлі бөгет салынуда, жағдай бақылауда, — деді Д.Шамұратов.
Аудан басшысының айтуынша, Индербор ауылының бір бөлігі уақытша жарықсыз қалады. Сондай-ақ, резервтік бөгет салу жұмыстары жүргізілуде.
Аймақтың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының мәлімдеуінше, қазір оқиға орнында облыс әкімі Серік Шәпкенов және республика Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бар. Бұл жұмыстарға ауданның арнайы техникасы жұмылдырылып, облыс орталығынан қосымша қажетті көліктер де тартылды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ