Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Мал ұрлығының тыйылмауына не себеп?

ОБЛЫСТАҒЫ ИНДЕР АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ МАЛ ҰРЛЫҒЫНАН КӨЗ АШПАЙ КЕЛЕДІ.

МЫСАЛЫ, ӨТКЕН ҚАРАША-ЖЕЛТОҚСАН АЙЛАРЫНДА БІР АУЫЛДЫҢ ӨЗІНЕН О НШАҚТЫ ІРІ ҚАРА ҚОЛДЫ БОЛҒАН. ТЕБІНДЕГІ ЖЫЛҚЫНЫ АЙТПАҒАНДА, КҮНДЕ АУЛАДАН ӨРЕТІН СИЫРДЫ ДА ӨРІСТЕН АТЫП ЖЫҒЫП, КӨЛІККЕ БАСЫП КЕТЕТІНДЕР ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР. АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ҚЫРАҒЫЛЫҚТЫ КҮШЕЙТКЕНІМЕН, БҮКІЛ АУДАНДЫ ҚАМТУ МҮМКІН БОЛА БЕРМЕЙДІ. СЕБЕБІ, ҰРЫЛАРДЫҢ «ҚОЛЫ ҰЗЫН» БОЛҒАНДЫҚТАН, БҰЛ ЖЫЛ САЙЫН «ДӘСТҮРГЕ» АЙНАЛҒАН.

Əйтсе де, неге екені белгісіз, мал иелері құқық қорғау органдарына арыздануға асықпайды екен. Қыс түскелі қырдағы малшылардан маза қашқан. «Қызылсай», «Айдарбай» қыстақтарындағы төрт түлік ауыл іргесінде жайылады. Тіпті, аяқты мал саналатын жылқы үйірлерін де иелері көзден таса қылмайтын көрінеді. Соның өзінде қапысын тапқандар шаруаның ақ адал малын оққа байлайды екен. Былтыр Есбол ауылдық округі бойынша он шақты бас мал қолды болған. Қазір елді мекеннен қашықтағы қыстақтарда отырғандардың барлығы дерлік бір кездегі кеңшарлардан қыстақты пайлық үлеске алып, атакəсіпті сақтап келе жатқан ұсақ шаруашылықтар. Олар бар күнелтісін тек төрт түліктен айырады. Сондықтан, шаруа үшін бір бас қара малдың жоғалуы да зор шығын.

– Кешкісін табын өрістен келгенде бір өгізім қансырап келді. Дереу малды түгендесем, алты жасар бұқам жоқ. Одан басқа тағы бір өгізді де таппадым. Ілкіде «итқұс тиген болар» деп ойлап, өгізшені адалдап алдық. Сойғанда етінен пытыра шықты. Былтыр да екі бие, төрт жабағым із-түзсіз кетті. Малдың жайы мəлім ғой, бұл уақытта жабағы енесінен бөлінбеуі керек еді. Қолды болғаны анық. Қолдан келер қайран жоқ, – дейді мал иесі Мерей Маратұлы.

Мал ұрлығының жиілеуі жергілікті тəртіп сақшыларын да жаппай «атқа қондырған». Əсіресе, қысқа салым мал семірген шақта оңай олжаға құныққандар алыс қыстақтарды торуылдайды екен. Ұсталып, жазасын тартып жатқандар да бар. Былтыр ауданда мал ұрлығы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, үшеуі сотқа жолданыпты. Қалғандары əлі тергеліп жатыр.

– Жыл басталғалы бір айдың жүзі ғана, содан шығар, биыл ұрлық жоқ. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ», 7 ауылдық округте күзетті күшейттік. Əрине, өрістегі аяқты малды, əсіресе жылқыны арқандап бағу мүмкін емес. Ал, көзден таса болса, мал иесі əуелі өзі ат сабылтып айналасынан іздейді. Таба алмаса ғана бізге хабарласады. Ол кезде ұрлықтың ізі суып та үлгереді. Кейде арада бірнеше ай өткенде де жоғалтқанын тауып жататындар бар. Былтыр екі бас сиыр, төрт жылқы жарты жылдан соң көрші ауданның малының ішінен шықты. Ескеретін мəселе – көптеген адамдар шығын көріп, малына электронды белгі тақпайды. Ондай белгі аяқты малды жүрген жерінен тап басу үшін өзіне де, бізге де зор көмек болар еді, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Берікқали Жанұзақов.

Қазір аудандағы ауылдық округтерде 8 учаскелік инпектор қызмет етеді. Қосымша жедел іздестіру тобы үнемі байланыста отырады. Олар қыс түскелі қыстақ маңайы мен өрістерді аралап, рейд жүргізіп жүр. Бірақ, «жарақты күні жау кездеспейтіні» секілді, əзірге айылын жиып жатқан ұрылар көрінбейді. Мал ұрлығының өршуіне басты себеп – Индер ауданының ең шеткі қыстағынан жарты шақырым шықсаңыз, Батыс Қазақстан облысының аумағына енесіз. Егер аяқты мал шырта сызықтан асса, ізін суытатын секілді. Тіпті, одан əрі Ақтөбеге шығындырып жіберуі де ғажап емес. Айтқандай, былтыр көктемде де ұйымдасқан қылмыстық топ осы ауданның екі үйір жылқысын атып, қан-қасап жасап жатқанда ұсталған болатын. Олар тиісті жазасын алыпты.

Арыстанбек КЕНЖЕ, өз тілшіміз.

Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button