ТШО-ДАҒЫ ДОСТЫҚ МЕЙРАМЫ

Қазақстан халқының тілдері күні «Теңізшевройл» ұжымында да мазмұнды өтті.

Мерекелік құттықтаумен ортаға шыққан облыстық мәслихаттың депутаты, жергілікті атқарушы ұйымдармен байланыс бөлімінің директоры Мария Қаражігітова бұл күннің Қазақ елі деген біртұтас шаңырақтың астына біріккен барлық азаматтар үшін бірлік пен достық мерекесі екенін атап айтты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанда қаншама ұлт өкілдері бейбіт күн астында еңбек етуде. Сондықтан, достық пен келісім – қазақстандық қоғамның ең басты жетістігі және Ұлы Дала елінің алдағы уақыттағы дамуының басты шарты. Мен баршаңызды осы мейраммен құттықтаймын! Сіздерге жаңа жетістіктерді, бейбіт аспан мен сәттілік тілеймін, – деді Мария Қаражігітова.

Бұл жолы Тілдер күні аясында ұйымдастырылған шара Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналды. Осы мерейлі дата аясында ұйымдастырушылар бейнетаспалар дайындап, онда қалалықтардың өз Отаны туралы сүйіспеншілікпен айтқан сөздерін, дәстүр мен салт жайлы толғаныстарын, тілге қатысты ұлы адамдардың айтқан сөздерін орынды қолданған. Жас атыраулықтардың өз ана тілдерін ғана емес, ағылшын, орыс тілдерін еркін де терең меңгергені баршамыздың жүрегімізге жылы тиді. Сұрауға қатысқандардың бәрі де Ұлы Абай туралы жақсы біледі екен.

Абайдың шығармашылық мұрасы 170 өлең, 56 аудармадан тұрады. Әсіресе, қазақстандықтар оның философияға толы «Қара сөздерін» терең түсінеді және қадірлейді. Аталмыш кеште де оның данышпандық ойға толы өсиеттері тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де көпшілік көңіліне сәуле жақты. Мерекелік шарада өздеріне қойылған талапқа сай әр этнос өкілдері жол таба білуімен ерекшеленді, олар бүгінгі таңда да өзінің маңыздылығын жоймаған Абай сөздерінің тереңіне үңіліп, бұқараға жеткізе білді.

Өзінің сыңғырлаған даусымен көрермендерді баураған Альбина Батырғалиева Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабдыбек Хабиров өз сөзінде туған ана тілімізді жоғары мәртебеге көтерген тәуелсіздігіміз, оның мәні мен мағынасы туралы айтты.

– Біз бүгін басқа да этнос өкілдерінің қазақ тілін білуге ұмтылысының жоғарылағанының куәсі болып отырмыз. Ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырған асыл қазынасы – ана тіліміздің қадірін білуге тиіспіз, – деді ол.

Мереке ТШО қызметкерлерінің  еліміздің Әнұранын шырқауымен аяқталды.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз