
Индерде қайықпен тасымал қолға алынуда
Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолының Индербор кентіне дейінгі 7 шақырым кірмежолды қалыпқа келтіру жұмыстары басталды.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың хабарлауынша, топырақ толтырылған тонналық қаптар арқылы судың жолын бөгеп, қатынасты қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
-Жол қалпына келтірілгенше тұрғындардың аудан орталығына келуін ұйымдастыру үшін 15 мамырдан бастап күндізгі уақытта арнайы қайық шығарылады. Тасымалдау уақыты таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.30 аралығында жүргізіледі. Түскі үзіліс уақыты сағат 13.00-14.30 аралығын қамтиды. Сонымен қатар Индербор кентіндегі орталық көпір мен қайық тасымалы аралығына кентішілік бағамен маршрут қарастырылады, — дейді аудан басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Индербор кентіне жеткізетін 7 шақырым жолды тасқын судың басып кетуіне байланысты барлық автокөлік қозғалысы тоқтағанын хабарлаған едік.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА