Жарнама
Жаңалықтар

Индерде ерекше тарихи-мәдени кешен салынуда

Атырау облысы Индер ауданында ашық аспан астындағы тарихи-мәдени кешен – «Димаш төбе» мұражайының құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жоба өңірдің тарихи-танымдық және туристік әлеуетін арттыруды көздейді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

18f52170 9f91 4a9c a7a7 ebb052c8d99f

Мұражай Индербор кентінен 8 шақырым шығысқа қарай, Индер–Қарабау тасжолының бойында орналасқан. 2023 жылдың қараша айында басталған құрылыс 2025 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Кешеннің аумағы – 1750 шаршы метр.

Құрылысты «СК Лира» ЖШС жүргізуде. Оған 4 арнайы техника мен 12 жұмысшы тартылған. Жобаның авторлық қадағалауына “Спецстройсогласование” ЖШС, техникалық бақылауына “Caspian Alliance Kazakhstan” ЖШС жауапты.

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясовтың айтуынша, мұражай өңірге тән археологиялық жәдігерлерді, минерал тастар мен тарихи-мәдени мұраларды жинақтайтын бірегей орталыққа айналады.

-Бұл кешен – Индердің тарихи ерекшелігін танытатын және туристерді тартуға ықпал ететін жаңа нысан болады,– деді ол.

Кешеннің аумағына доға пішіндес маңдайша орнатылып, «Димаш төбе» атауы жазылады. Сол жағына тарихи фотосурет, оң жағына музей жайлы ақпараттық тақта орналастырылмақ. Ішкі бөлігінде қазба байлықтар мен рудалар салынған тас жәшіктер, сондай-ақ екі үлкен күмбезді композиция қойылады.

Айта кетейік, бұл төбе бұған дейін «Оңдасын жалы» деп аталған. 1978 жылы Қазақстан КП ОК І хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың Индер ауданына сапары кезінде осы аумақта далалық мұражай ұйымдастырылып, қазба байлықтар таныстырылған. Содан бері бұл жер «Димаш төбе» деп аталып келеді.

Жоба аяқталған соң кешен өңірлік туристік картаға енгізіліп, Атырау облысының тарихи-мәдени брендіне айналады деген жоспар бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button