Индер: жағалаудағы жұмыс жүйелі
Көктемгі су тасқынына байланысты Индер ауданындағы ахуал әзірге тұрақты. Бірақ соған қарамастан өңірде қауіптің алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыс қарқынды.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Әли Жайшылықұлының айтуынша, мұнда барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 17 850 м қорғаныс бөгеттері бар. Негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бөгеттердің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Сондықтан бұл жерлерде бөгеттерді биіктету жұмыстары қарқынды жүруде. Бөгеттің биіктігі қауіпті аймақтарда 4-4,5 метрге дейін жетеді және жалпақ болып соғылады.
-Қалған ауылдық округтерде де су тасқынына дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Бүгін аудан әкімі Дарын Шамұратов жағалауларды аралап, бөгет соғу жұмыстарымен танысты. Барлық учаскелер арнайы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазір аудан бойынша аталған жұмыстарға 49 арнайы техника жұмылдырылса, алдағы уақытта қосымша 19 техника тартылады. Сонымен қатар, қапшыққа құм толтыру жұмыстарына аудандық төтеншеліктер, ауылдық округтердегі мекеме қызметкерлері мен еріктілер жұмылдыруда, — дейді Ә.Жайшылық.
Айта кету керек, бүгінде жалпы адам күшімен 30 мыңға жуық құм толы қап дайындалған. Ал Жайық өзенінің 5 сәуір сағат 7:30-дағы жағдайымен су деңгейі 2,55 м. Әзірге ауданда ахуал тұрақты. Суға кеткен аумақтар жоқ. Жұмыстар құзырлы мекемелер тарапынан тәулік бойы ұйымдастырыла береді. Аудан тұрғындары да тасқынға тосқауыл болып, күш біріктіруге дайын.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА