АЙМАҚ ЭНЕРГЕТИКТЕРІНІҢ ЖАРҚЫН ЖОБАСЫ

электр энергиясына сұранысты толық қамтамасыз етті

Өткен жылдың соңында жергілікті энергетиктер кезекті еңбек жеңісіне қол жеткізді. Атырау жылу-электр орталығында К-100-90 турбинасы қатарға қосылды. Бұл өндіріс ошағын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында мүмкін болды. Бүгінде кәсіпорын қуаты 414 мегаватқа жеткізілді.

Жалпы, атыраулық энергетиктердің соңғы жылдары аймақты жылу-электр энергиясымен қамту бағытында атқарған шаралары аса қомақты. Осында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары шеңберінде тұтынушылардың тапсырысы толық қанағаттандырылып келеді.

Осы орайда тарихқа сәл көз жүгіртсек, бәрі қалай басталып еді? Былтыр жергілікті энергетиктер облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көрме ұйымдастырып, кәсіпорын шежіресін жұртшылық назарына ұсынды. Турасын айтқанда, облыстық энергетикалық кешеннің жарты ғасырдан асатын өткен жолының өзі өндіріс ошағын қайта жаңғыртуға, оның қуатын сатылап арттыруға тура байланысты.

Мәселен, сонау 1963 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Атырау жылу-электр орталығы бұған дейін күрделі жөндеудің үш кезеңін мәреге жеткізді. Сол құрылған жылы-ақ 24 МВт қуат қатарға қосылып, бірінші кезең жүзеге асырылды. Ал, 1970 жылы екінші кезең аяқталып, электр энергиясы 134 мегаватты құрады. Содан 1985 жылы үшінші кезеңнің нысандары тұрғызылған соң электр қуаты 249 МВт болды. Мұның сыртында сағатына жүздеген гигакалория жылу энергиясын шығаратын жаңа объектілер салынды.

Мемлекет басшысы Атырауға келген кезекті сапарында жылу-электр орталығын жаңғыртудың төртінші кезеңінің бірінші бу турбинасын өз қолымен іске қосқан-ды. Сонда Елбасы республикада бұдан 40-50 жыл бұрын салынған электр стансаларының дені тозғандығын, бәрінің де жаңғыртуды қажет етіп тұрғандығын, бұл бағытта атыраулық энергетиктер бастамасының құндылығын айтқан-ды.

Турасын айтқанда, бұдан он шақты жыл бұрын-ақ аймақтағы энергетикалық кешен әбден ескірген-ді. Жарықтың жиі сөнуі, жылудың далаға кетіп жатқандығы тұтынушылардың орынды өкпесін тудыратын. Қолданыстағы қондырғылардың тозғандығы соншалық, тіпті күнделікті қажеттілікті өтеуге жарамайтын. Сырттан көмек болмады, ешкім инвестиция салмады.

Міне, осы ахуал «Атырау-Жарық» директорлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған сәттен-ақ Оразғали Қаршегеновті қатты толғандырды. Біраз жыл республиканың өзге өңірлерінде жұмыс жасап, туған жеріне оралған маман энергетикалық кешеннің мұндай мүшкіл халіне төзе алмады. Қайта жарақтандыруды қолға алды. Бұл үшін тыстан қаржы тартпай, бәрін өз күштерімен жүзеге асыруға бел байлады. Міне, бірнеше жыл қатарынан жүргізілген инвестициялық бағдарлама осылай өмірге келді.

Рас, оны тарифке өзгерістер жасамай атқару мүмкін емес-ті. Елімізде 2009 жылы электр стансаларына жаңа бағалар қалыптастыру ережелері енгізілді. Мұндағы басты мақсат – қолданыстағы қондырғыларды жаңғырту үшін инвестиция тарту. Демек, бұл ауқымды шараға тұтынушылардың қаражатын да қатыстыру қажеттігі туындады. Сайып келгенде, жылу-электр энергияларымен сенімді қамтамасыз етілу тұрғындардың мүддесімен де сабақтас емес пе? Оның үстіне, «тарифті инвестицияға айырбастау» механизмі қолданылды. Әйтсе де, тұтынушының төлем мүмкіндігіне нұқсан келтірмеу үшін тарифті сатылап көтеру тетігі пайдаланылды. Турасын айтқанда, тұрғындар күрт өскен өсімді байқамай да қалды. Есесіне жарықпен де, жылумен де жеткілікті қамтамасыз етілді.

Сайып келгенде, атыраулық энергетиктер қол созып отырған биіктік бұл ғана емес. Келер жылдар еншісіне тиер жаңа жобалар да бар. Солар мәреге жеткенде алдағы уақытта қатарға қосылар кәсіпорындардың да электр мен жылу энергияларына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге болады. Оның үстіне, Атырауда жыл санап жүздеген пәтерлі тұрғын үйлер мен бірнеше әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Ақырында, біраз жылдан бері мораторий жарияланғанымен, шаһар басшылығы биылдан бастап жеке адамдарға баспана салуға жер телімдерін бере бастады. Міне, соның бәрі ертеңгі күні энергетикалық қуаттарды тұтынбай ма? Ал, ең бастысы – өзімізде өндірілген электр энергиясының артылғанын сыртқа сатуға мүмкіндік туатындығы. Мұндай жағдай бұрын-соңды болып па еді? Сонда өзгеге тәуелділіктен де құтыламыз. Елбасы айтып жүрген энергетикалық қауіпсіздік осы емес пе?

Аймақта біраз жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан тағы бір проблема бар. Ол – алыстағы Азғырдың электр энергиясын ар жағындағы Ресейден алып отырғандығы. «Кісідегінің кілті – аспанда» дегендей, осы орайда сырттан көрсетілетін коммуналдық қызмет құны қымбат. Міне, атыраулық энергетиктерді осы жай да мазалайды. Соңғы кезде жергілікті атқарушы билік те оған назар аударып, азғырлықтардың осы мәселесін шешуге жұмыстануда.

Қысқасы, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда, Атырау аймағы өзін энергетикалық қуаттармен толық қамтамасыз етті. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, өзімізден өндірілетін электр және жылу энергиялары жергілікті халыққа арзанға түседі. Салыстырмалы түрде алғанда, біздегі коммуналдық қызмет құны көлемінің өзге облыстармен бағамдағанда төмендеу екендігі де содан. Ендеше, іске сәт. Алда кезекті еңбек жетістігін күтеміз.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз