Индер ауданында бөгеттер биіктетілуде

img 20240401 wa0239 Жаңалықтар

Бұған дейін Индер ауданында Жарсуат, Құрылыс ауылдары көктемгі су тасқынына байланысты қауіпті аймаққа жататын хабарлаған едік. Бүгінде бұл өңірдегі мәселенің алдын алудағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Біз осы сауалға жауап іздедік.

Аудан әкімінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, өңірде барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 18 950 метр қорғаныс бөгеттері бар. Негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бөгеттердің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан.

-Бүгін аудан әкімі Дарын Шамұратов осы қауіпті аймақтағы елді мекендердегі бөгеттерді көтеру, жаға нығайту, құм толы қапшықтармен бекіту жұмыстарымен танысты. Қазір Жарсуат ауылының 4,6 шақырым бөгеттің 1,1 шақырымы техникалар арқылы биіктетілді. Ал Құрылыс ауылында кезінде ағынды судың әсерінен пайда болған үлкен жыраны бітеп, бекіту жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудан әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Әли Жайшылықұлы.

Сондай-ақ бүгін аудан басшысы ауыл үлкендері және тиісті сала мамандарымен бірге аталған ауылға қарасты 5,6 шақырым болатын дамбының бойын аралап, қауіп төніп тұрған тұстарын анықтады.

Сонымен қатар, ауданға қарасты Көктоғай, Өрлік, Есбол ауылдарында да аталған жұмыстар жалғасуда.

Жалпы, аудан бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстарына 17 арнайы техника, 190-нан астам ерікті жұмылдырылды. Еріктілердің күшімен 105 тонна топырақ қапталып дайындалды.

Бүгінде Жайық өзенінің деңгейі – 70 см. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қазір әзірге қауіп жоқ. Десек те, мұндағы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз