
Индер аудандық газеті ұжымына жаңа кеңсе берілді
Индер аудандық «Дендер» қоғамдық-саяси газетіне – 90 жыл. Осыған орай редакция басылымы ұжымына су жаңа кеңсе берілді. Салтанатты жиында Қазақстанның құрметті журналисі, сала ардагері Кеңес Сахи мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС Бас директоры Нұрболат Елеусінов жаңа нысанның лентасын қиды.

Бұған дейін басылым редакциясы жылдар бойы тұрақты орын болмай, бірнеше ғимаратта көшіп-қонып жұмыс жасаған. Жаңа кеңсенің аумағы – 320 шаршы метр. Журналистерге қызмет жасауға толық жағдай жасақталған нысан жаңа компьютерлер мен жиһаздар, өзге де қажетті құрал- жабдықтармен қамтылды.

– Редакциямызға жеке мекен беріліп, қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Ал, осынау бастаманы жасаған аудан әкімдігі журналистерге тарихи сый тартты. Өйткені, жеке өзіміздің офисіміз болмай, біраз қиындықты ондаған жылдар бойы басымыздан өткергенімізді қалың оқырман, аудан жұртшылығы жақсы біледі, — дейді аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин.

