Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Игілік негізі – игерілген жерде

Жергілікті әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру жиындары Махамбет ауданында да жалғасып  жатыр.

Игілік негізі – игерілген жерде

Мәселен, Ақтоғай ауылдық округінде заңды және жеке тұлғаларға берілген 20940 гектар жердің 10023 гектары немесе 48 пайызы игерілмеген және мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Тіркелген 76 шаруа қожалығының 42-сінің немесе 55 пайызының нақты жұмыс жасамай отырғандығы анықталған.  Округ бойынша бірде-бір шаруашылық мал тұқымын асылдандыру жұмыстарымен шұғылданбаған. Нақты жұмыс  жасап  жатқан 34 шаруа қожалығының алтауы ғана субсидия алуға қол жеткізген. Сол сияқты, қой мен жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларымен бір де бір бас мал сатып алынбаған. Яғни, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер толық пайдаланылмаған. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде  24,0 млн. теңге көлемінде несие алған 9 адамның бесеуі жергілікті мемлекеттік кіріс органдарына тіркелмеген. Жас мамандарды «Жастар тәжірибесі»  жобасымен жұмысқа жіберу жоспары 66 пайызға ғана орындалған. Сәйкесінше, ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызға жетіп, ауданның орта көрсеткішінен де асып кеткендігі ойлантады.

Төрт мың жарымға жуық тұрғын мекендейтін Алмалы ауылдық округінде де жүзеге асырылған шаралармен бірге олқы тұстардың аз еместігі аңғарылды. Бұнда да «Жұмыспен қамту – 2020»  жол картасы» бағдарламасы аясында алты жылда 27 адамға 68,6  млн.  теңге несие берілген. Солардан, 13,6 млн. теңге қарыз алған алтауы  берешегін қайтармаған. «Жастар тәжірибесі» жобасының орындалысы 50 пайызбен шектелген. Ауылда білім сапасын арттыруға оңтайлы жағдай туғызылғанына қарамастан, ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші 18,3 баллға дейін төмендеген. Түрлі мақсаттарға бөлінген бюджет қаражатының игерілуінде де кемшіліктерге жол берілгендігі баяндалды.

Өңірдегі іргелі елді мекендердің бірі Бейбарыс ауылдық округінде де атқарылып, халықтың игілігіне жараған жұмыстар баршылық. Инфрақұрылым жақсартылып, бизнес нысандары мен кәсіпкерлік субъектілерінің саны көбейген. Қоғамдық тәртіптің сақталуына қойылатын талап күшейтілген. Соған қарамастан, былтыр ауылдық округ аумағында 12 қылмыс дерегі тіркеліп, алдыңғы жылғыдан айтарлықтай артқан. Есепке алынған қылмыстың жетеуі ашылмаған. Олардың бәрі де  мал ұрлығымен байланысты болып отыр.  Есепті мерзімде барлығы 110 әкімшілік құқықбұзушылық фактісіне қатысты хаттама ресімделіп, құзырлы органдарға жолданыпты.

Ежелден егінімен елге танылған Жалғансай ауылдық округінде егістік жердің жалпы аумағы 1739 гектарға жеткізілген.  Ауыл кәсіпкерлерінің біреуі демалыс орнын ұйымдастырса,  үшеуі мал шаруашылығымен шұғылданып, енді бірі қонақ үй бизнесіне бет бұрыпты. Алайда, бұл ауылда да 5929 гектар жердің 3373 гектары немесе 57 пайызы игерілмеген және мемлекет меншігіне қайтарылмаған болып шықты. Екіншіден, есепте тұрған 77 шаруашылықтың  67-нің  немесе 79 пайызының  белсенді  жұмысы  көрінбеген. Мұның сыртында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларымен бірде-бір тұяқ сатып алынбаған, мал тұқымын асылдандыру да жайына қалғаны өкінішті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button