Жарнама
Жаңалықтар

Иесіз бөгет. Шешілмеген түйін.

Былтырғы көктем Атырау өңірі үшін үлкен сынақ болды. Жайық, Ойыл және Жем өзендері тасығанда өр суының деңгейі күн сайын көтеріліп, елді мекендерге елеулі қауіп төндірді. Кейбір аудандарды су басып, өңірде 7 сәуірден бастап төтенше жағдай жарияланды. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру үшін жергілікті тұрғындар, құтқарушылар және билік өкілдері бірлесе әрекет етіп, бөгет тұрғызды. Бұл халықтың бірлігін айқын көрсеткенімен, жауапты құрылымдардың төтенше жағдайға дайындығының жеткіліксіздігін де аңғартты. Демек мұндай қауіпті жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін жүйелі және алдын алу шаралары қабылдануы қажет.

Қаржысы жоқ мекеме

Өткен жылдың желтоқсан айынан бері Атырау қаласында су тасқынының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынды. Бұл туралы жуырда Атырау қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мәжілісінде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов айтты. Мәжілісте су тасқынының алдын алу, бөгеттердің техникалық жағдайы, өтемақы мәселелері, басқа да маңызды жайттар талқыланды.

Былтыр Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендер бойынша Жайық өзенінің жағалауына жалпы ұзындығы 250 километр болатын бөгет соғылған. Қазір олардың осал жерлерін бекіту және қосымша бөгеттер салу бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Су тасқынының алдын алу шаралары аясында Алмалы ауылы маңында 2,5 шақырым (құны – 100 миллион теңге), Бугорки бау-бақшасы мен Береке ауылы маңында 5,7 км (161 млн. теңге), «Атамұра» демалыс орны маңында 2,8 км бөгет соғылыпты. Ал, Еркінқала ауылының маңында 1 километрдей аумақта (145 млн. теңге) жаға бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек Сарыөзек каналы бойындағы 5,6 километр бөгетке (196,5 млн. теңге) жөндеу жасалыпты. Қайыршақты ауылдық округінде 6,2 км аумақта (792 млн. 419 мың теңге) қосымша жаға бекіту жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ былтыр қалалық құрылыс бөлімі арқылы Соколок каналын қайта құру және жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Жалпы ұзындығы 44 шақырым болатын бұл жобаның құны – 1,3 миллиард теңге. Енді «Строй Статус КЗ» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыс басталды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қаржыландыру мәселесі бойынша ұсыныс беріліпті.

Қала бойынша төтенше жағдайдың алдын алу және оның зардаптарын жою үшін 10 қайық, 31 мотопомпа, 17 генератор, 10 мың күрек және 1 миллион дана қап әзір тұр. Бұған қоса, тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 95 эвакуациялау орны мен 10 025 төсек-орын дайын.

Тілек Алдабергенұлы барлық бөгет салу жұмыстары наурыз айының соңына дейін аяқталатынына сендірді. Сонымен қатар, қала және оның маңындағы ауылдық округтерде су тасқынына қарсы салынған 91,0931 километр бөгетті заңдастыру бойынша құжаттар ресімделуде. Олардың көпшілігіне жерге орналастыру жобасы жасақталып, біреуіне ғана жер актісі алынған, қазір мемлекеттік тіркеуден өту процесі жүріп жатыр.

Қала әкімінің орынбасары бөгеттердің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгерімінде екенін айтты. Алайда, фракция жетекшісі Қаршыға Жауымбаев облыс әкімдігі бұған дейін бұл нысандардың «Табиғат» мекемесінің балансына өтетінін айтқанын еске салды. Сөйтсе, «Табиғат» құрылғанымен, оның материалдық-техникалық базасы әлі жасақталмаған және қаржы бөлінбеген екен.

Өтемақы кімге төленді?

Отырыста фракция мүшелері былтыр салынған бөгеттерді бетондау мен жағалауды нығайту жұмыстарының барысы туралы сұрап, олардың техникалық бақылауының қалай жүргізіліп жатқанын анықтауға тырысты. Тілек Махуов бұған өзі жауапты екенін және барлығы белгіленген стандартқа сай атқарылып жатқанын айтты.

Жиында қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Құлбарақов көктемгі су тасқыны кезінде 18 шақырым бөгетті бекіткен «АГК Групп» ЖШС-нің еңбекақысын ала алмай, сотқа жүгінгенін мәселе ретінде көтерді. Бұл мәселеге қатысты қала әкімінің орынбасары сот процесінің облыстық деңгейде қаралып жатқанын қаперге берді.

Фракция мүшелері болжамды су көлемі туралы сұрағанымен, қалалық әкімдік өкілі нақты мәліметтің жоқ екенін мәлімдеді. Мәжіліске қатысушылар өткен жылы су тасқыны қаупі туындаған кезде тұрғындармен қатар, әскери қызметшілердің де зор үлес қосқанын атап көрсетіп, оларды алдын ала хабардар ету қажеттігіне назар аударды. Бөгет салу жұмыстары мен гуманитарлық көмекке бөлінген қаржының есебі туралы сұрақтар да көтерілді.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдарына өтемақы төлеу мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Өтемақы алу үшін өтініш білдірген 32 жеке және заңды тұлғаға 326 миллион 388 мың теңге төленіпті. Мал шығындарын өтеу мақсатында 3 шаруа қожалығына 1 миллион 550 мың теңге жергілікті бюджет есебінен беріліп, 13 жеке тұлғаға 40 миллион 150 мың теңге бюджеттен тыс көздерден өтелген. Сонымен қатар, өтініші қаралған 6 кәсіпкерлік субъектісінің 4-еуі су тасқынынан зардап шеккен деп танылып, оларға 307,4 милилон теңге өтемақы бөлінген.

Су тасқынынан мүлкі зардап шеккен 25 шаруа қожалығына «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 114,6 миллион теңге көлемінде өтемақы төлесе, қала әкімдігі зардап шеккен шаруашылықтарды құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын әлі жалғастыруда. Осы уақытқа дейін 4 шаруашылыққа 400 шифер, 4 шаруашылыққа 18 тонна цемент, 7 шаруашылыққа 7 уақытша тұрақ-вагон берілген. Қажетті құрылыс ағаштарын жеткізіп беруге де қолдау бар.

Жем-шөп мәселесін шешу мақсатында 3 кәсіпкермен келісім-шарт жасалып, 42 шаруашылыққа 10780 орам шөп жеткізілді. Шаруашылықтар тек шөптің өзін сатып алса, оның тасымалдау шығынын әкімдік өз мойнына алған.

Мәжіліс соңында фракция жетекшісі Қаршыға Жауымбаев қала әкімдігімен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін қала аумағында салынған бөгеттердің жағдайын тексеру жөнінде ұсыныс жасады. Әскери қызметшілердің былтырғы су тасқыны кезінде қосқан үлесін ескере отырып, оларды алдын ала даярлау және ақпараттандыру қажеттілігі де көтерілді.

Жалпы бұл жиын су тасқынына дайындық барысында әлі толық шешілмеген мәселелер бар екенін анық көрсетті. Бөгеттердің балансқа берілуіндегі түсініксіздіктер, өтемақының кешіктірілуі және нақты болжамдардың жоқтығы салаға жүйелі өзгерістер қажет екенін айғақтайды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button