Қиғаш бойындағы бөгет сенімді ме?
Жылдағыша биыл да өр суының көтеріліп, өзендердің арнасынан асып тасуы ықтимал екендігі жайында ақпан айында аймақ басшысының төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мәжілісінде айтылған болатын.
Жақында осыған орай Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек Хасановтың басшылығымен комиссия отырысы өтіп, аталған мәселеге тағы да баса назар аударылды. Ол туралы төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы Ахат Ақбалиннің баяндамасында, сондай-ақ, ауыл әкімдерінің қосымша хабарламаларында айтылды.
Мәселен, Бірлік ауылдық округіндегі (әкімі Б.Ақпанов) бөгеттің жалпы ұзындығы 10,8 шақырымды құраса, соның 2,9 шақырымы су жарып кету қаупі бар аймаққа жатады. Күні бүгінде соның 800 метрі ғана биіктетілген. Бастал-ған жұмысты жалғастыру үшін бюджеттен 7 млн. теңгеге жуық қаражат бөлуге сұраныс берілген.
Одан бөлек, қауіпті тұстардағы тұрғындар мен малдың саны есепке алынып, қауіпсіз жерге көшірудің жоспары әзірленіп, ауылдағы екі кәсіпкерге бір мың дана қамыс тақтайша дайындауға ұсыныс жасалған. Бір қиындығы, мұнда жақын жерден саз-топырақ алатын карьер мәселесі шешілмеген. Оның үстіне, осындағы кооперативке қарасты бульдозер мен трактор тәрізді бірлі-жарым техника да пайдалануға жарамсыз көрінеді. Ақаулы тетіктерін жөндеп, іске қосуға кем дегенде 200 мың теңге қаражат қажет. Өз кезегінде, көтерілген мәселеге орай түсінік берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев карьер бөлу жайының облыстық деңгейде шешілетін шаруа екендігін айтумен шектелді. Анығын айтқанда, бұған байланысты конкурс ұйымдастырылып, жеңімпаз деп танылған мекеме мердігер ретінде осы міндетті мойнына алуы тиіс. Мәселе төңірегінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров түсінік берді.
Оның айтуынша, биылғы өр суы былтырғыдан екі еседей көп келетіндігі болжамдалған. Сол себепті де бірінші кезекте тасқынға тосқауыл қойып, тойтарыс беруге қауқарлы техникаларды түгендеп, жарамдылығына көңіл бөліп, көз жеткізу керек. Мысал келтірсек, өткен жылы ауылдық округтердің бірінде бар деп есептелініп отырған «К-700» тракторының қаңқасы ғана қалыпты.
Сөзін осылайша сабақтаған аудан әкімінің орынбасары қай шаруаның да ақтық шешімі қаржыға келіп тірелетінін, жылдағыша биыл да бөгеттерді бекітуге қазынадан 32 млн. теңге қаралғанын, соның тең жартысы топырақ төгу жұмыстарына жұмсалатынын жеткізді.
Сафон ауылының әкімі Е.Сатылғановтың хабарлауынша, округ аумағындағы 6,5 шақырымдық бөгеттің жер актісі мен басқа да құжаттары әзірленіп, ресімделген.
— Әйтсе де, оның дені жөндеуді қажетсінеді. Ал, осы жөндеумен қамтылуға тиісті бөлігінің 1,8-2 шақырымы қауіпті учаскеге кіреді. Тұтастай алғанда, шекарадағы елді мекенді су тасқынынан қорғап, бөгеттерді жөнге келтіруге керекті 9 млн. теңгеге сұраныс жолданған. Дегенмен, мұнда да қуатты техника мен жергілікті материалдың жетпестігі байқалады. Қазіргі қолда бары екі «МТЗ-80» тракторы мен екі автокөлік. Тіпті, топырақ салынатын қаптарды табуды тұрғындар өз жауапкершілігіне алған.
Аудан орталығы Ганюшкин селосының аумағындағы бөгеттердің ұзындығы 32 шақырымға жуықтаса, оның 4,5 шақырымы қауіпті учаске саналады. Су басу қаупі туындаған жағдайда қауіпсіз жерге көшірілетін адамдардың саны 15 мың шамасында. Тракторлар мен жүк көліктерін қосқанда қазірде ауылдық округте 48 бірлік техника және бес мотопомпа бар деп есептелінгенімен, бұлардың да жарамдысы санаулы болып тұрғанға ұқсайды. Қауіпсіз аймақ ретінде Байтарал елді мекені таңдалынғанын айтқан ауылдық округ әкімі М.Мұғалім проблемаларымен де бөлісті.
Бұл тұрғыда, Сазтүбек пен Мұқантүбек елді мекендерін байланыстыратын қара жолды су басып кетсе, қатынастың да қиындай түсетінін алға тартты. Жағдайдың күрделенуіне жекелеген тұрғындар жауапкершілігінің төмендігі, түсінігінің таяздығы да кері әсерін тигізіп отыр. Сөзінің дәлелі ретінде қыста қайталап, молынан жауған қар еріп, аула-қоралары суға толған сәтте де бірқатар ауылдастарының су соратын техникаға қажетті жанармай үшін ақша беруден бас тартқанын жеткізді. Мұны тұрғындардың жауапкершілігінен алып, аудандағы бір мекемеге жүктеген күнде де ахуалдың бірден оңалып кетпесін қаперледі.
Дәулетқали АРУЕВ