Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Хиуаз мұражайы ашылса…

Аtr.kz/15 маусым, 2020 жыл. 1922 жылы сол кездегі Гурьев облысы Ганюшкин (қазіргі Құрманғазы) ауылында дүниеге келген Хиуаз Доспанова кейін Қазақстанның Халық қаһарманына айналды. Ол – екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш еді.

Майдандағы ерен ерлігі үшін Хиуаз Қайырқызы «қазақтың қанатты қызы» атанған болатын. Сонымен қатар, Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысты. Жауынгерлік операция кезінде аса маңызды стратегиялық нысандарды талқандады. Тіпті, соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған екен. Төрт рет ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Хиуаз Доспанова ұшақпен 300-ден аса әуеге көтеріліпті. Жауыз жауға сан рет соққы бергенін көзі тірісінде айтып отыратын.

2004 жылы оған еліміздегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды. Міне, ұшқыш қызды туған халқы осы сәттен бастап біле бастады. Бүгінде батыр апамыздың аты Атыраудағы мұз айдыны сарайы мен осындағы халықаралық әуежайға, Алматы қаласындағы өзі тұрған көшеге берілді. Әйтсе де, сол үйдің қасбетінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай жарнамалық маңдайшалар қаптап кетті. Солардың артынан ескерткіш тақтаның көрінбей тұрғаны қынжылтады. «Эйр Астана» әуе компаниясы да «Embraer 190» ұшағын «Хиуаз» деп атады. Сол секілді, Атырау қаласындағы №18 орта мектепке Хиуаз Доспанова есімі беріліп, оның директоры Дулат Далиев ұлтжандылық бағытта ұлағатты шаралар ұйымдастыруды қолға алған.

«Қанатты қызға» арнап 2010 жылы туған жері – Атырау қаласында орталық көпір жанынан ескерткіш орнатылған. Бірақ, талай рет бет-бейнесіне зақым тиіп, белсенді азаматтардың айтуымен түзетілген болатын. Тағы бір айта кетерлік жайт, Хиуаз Доспановаға арнайы ашылған мұражай жоқ. Сондай-ақ, екі тілде жазылған «Соғыс туралы естелік» кітабы қайта басылып шықпады. Ендеше, осы және өзге де мәселелерді реттеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Руслан ПАНГЕРЕЙҰЛЫ,

Атырау қаласының тұрғыны

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button