ХАНДАР ПАНТЕОНЫ немесе көне шаһарда кім жерленген?
Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Бүгінде Жошы Ұлысы-Алтын Орда тарихындағы шешімін таппаған мәселенің бірі – Сарайшықтағы пантеон және онда жерленген ел билеген тұлғалар тарихы. Бұл пантеон 1475 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынған екен. Итальяндық картограф оны күмбезбен белгілеп, «Билеушілер қабірстаны» деп анықтайды.
Фра Мауро картасындағы деректі ХVІІІ ғасырдағы П.Рычков, П.Паллас, ХІХ ғасырдағы А.Левшин, 1861 жылғы топограф А.Алексеевтің еңбектері кеңірек тарқатады. Оларды саралап, Сарайшықта алғашқы кешенді археологиялық қазба жүргізген саратовтық археолог Н.Арзютов өзінің ғылыми есебінде зерттеу барысындағы міндеттерін анықтай келе: «Алтынорда хандарының жерленген жері», 1950 жылы археолог Г.Пацевич Рашид-ад-дин, В.Бартольдтың еңбектеріне сүйене отыра, «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын орда хандарының жерленген орны болғандай» деп түйіндейді.
Дегенмен Сарайшық тарихын жазушылар онда жатқан біртуар тұлғалардың аттарын атамайды. Олай болса, ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Шынияз Шанайұлы Сарайшықта жерленген хандардың санын нақты неге сүйеніп жазды? Біз оны тарихи шындық ретінде неге сүйеніп қабылдадық? Жазушы Әнес Сарай «Ноғайлы» еңбегінде жазғандай, ақын өлеңдерінің бірінші басылымында «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның моласы» деген өлең жолдары қай уақытта 7 ханға өзгерген?
Неліктен 1983 жылы кеңестік тарихшы В.Егоровтың Астрахан облысындағы Лапас елді мекенінде: «Бату хан және 4 мұсылман хандар Берке, Узбек, Джанибек и Бердибек жерленгендей» деген болжамы қабылданбады? Соған қарамастан бүгінгі Сарайшық музей-қорығындағы хандар кесенесінде жазылған Алтын Орданың үш ханы – Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Қазақ хандығының билеушісі Қасым, Ноғай ордасы билері Әмір Оқас, Шейх-Мамай, Жүсіп билер қандай тарихи дерекке негізделген? Осындай сан түрлі пікірлерге қарамастан 1999 жылы 3 қыркүйекте Сарайшықта хандар кесенесі ашылған кезеңде оны орнатушылар бір ортақ пікірге келгендей.
Оның дәлелі тарихшы-археологтар З.Самашев, М.Қожа, Д.Талеевтің еңбектері. Олар Сарайшықта жерленген Алтын Орда хандарынан Мөңке Темір ханды (1266-1280), Тоқты ханды (1290-1312), Жәнібек ханды (1342-1357), Бердібек ханды (1357-1359), Тоқтамыс ханның басын, қазақтың Қасым ханын және Ноғай билері Едіге, Шейх Мамай, Жүсіп, эпикалық батырлар Ер Тарғын, Қамбарды көрсетеді. Ал, тарихшы М.Қасенов тізімге Ақ орда ханы Барақ ханды қосады. Нақты тарихи деректерге сүйенсек тұлғалар арасынан Тоқты мен Жәнібек, Қасым хандар ғана талас тудырмайды. Өйткені, Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін кезінде Н.Карамзин, В.Вельяминов-Зернов жазса, кейін кеңестік тарихшы А.Чулошников 1925 жылы атап өтеді.
Оның жазуынша ХVІІ ғасырдың басына дейін Қасым хан ескерткіші сақталған. А.Чулошников пікірін М.Тынышпаев: «Қазақ аңыз әңгімелері бойынша ол Сарайшықта жерленген», Әлкей Марғұлан 1950 жылы тамыз айында Сарайшықтағы археологиялық қазбадан соң: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хандары Жәнібек пен Қасымханға Сарайшықта тұрғызылды… 1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы – Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерінен белгілі» деп дәлелдей түседі.
Дегенмен Ә.Марғұлан осы бағыттағы зерттеулерін аяғына жеткізбеді. Оның Алтын орда тұлғаларын арнайы зерттеуі кеңестік билікке ұнамады. Соңында ғалым қудалауға ұшырап, Сарайшық бағытындағы зерттеулерін біржолата тоқтатуға мәжбүр болады. Ал, Ә.Марғұлан жазған қазақ ханы Жәнібектің Созақта жерленгені кейінгі жылдары анықтала бастады. Тарихшылар сүйенген Сарайшық пантеоны туралы құнды ақпаратты ХVІІ ғасыр басындағы Қадырғали Жалайыридің «Жылнамалар жинағы», ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы Әбілғазының «Түрік шежіресі» және эпикалық жырларымыз береді. Қадырғали Жалайыри Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды.
Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» десе, Әбілғазы Алтын Орда хандары Тоқтағу хан «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан Өзбекұлын «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп анық жазады. Дегенмен Әбілғазы еңбегін пайдаланған ресейлік тарихшы, ноғайтанушы В.Трепавлов Тоқтағу мен Жәнібектің Сарайшықта жерленгеніне күмәнмен қарап, «мүмкін ол Еділ бойындағы Сарай болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды.
Біздіңше ата-баба тарихына келгенде хан тұқымынан шыққан Әбілғазының қателесуі мүмкін емес және оның Сарай мен Сарайшықты жақсы айыра білетініне толық сенім білдіруге болады. Қадырғали мен Әбілғазы өзге хандардың тікелей Сарайшықта жерленгенін жазбайды. Соған қарамастан жоғарыдағы қазақстандық тарихшы-археологтар Мөңке Темір мен Бердібекті де Сарайшықта жерленгендер қатарына қосады. Әбілғазы еңбегінде Мөңке Темір туралы артық әңгіме болмағанымен, «Жәнібек хан өлгеннен соң Тебризден Бердібек хан Сарайшыққа келді», содан билікті қолға алғанын, «екі жылдан кейін 762 жылы опат болды» (б.ж.с. 1359 жылы – Ә.М.) деп түйіндейді.
Ал, ХVІ ғасырдың ортасында түркі тілінде жазылған «Шыңғыс-наме» бойынша Бердібек хан: «Үш жыл ел биледі, Сарайда жерленді» дегенімен Сарайдың қай қала екенін анық жазбайды. Біз Әбілғазы дерегін негізге алып Бердібектің Сарайшықта хан болғанын алға тартып, Сарайшықтағы әкесінің жанына жерленуі әбден мүмкін деп түйіндейміз. Соңғы жылдары татар ғалымдары аударған « Ш ы ң ғ ы с — н а м е н і ң » жаңа нұсқасында қазақ хандарының атасы Барақ ханның Сарайшық маңында қаза тапқаны туралы құнды дерек береді.
Дегенмен Барақ хан Моғолстанда өлтірілді деген де пікірлердің бар екенін айтуға тиіспіз. Егер ол Моғолстанда өлтірілсе, сонау батыстағы Сарайшыққа қалай әкелінеді? Тарихшы Н.Кенжеахмет: «Шахрухтың орда тарихшысы Абд арРазақ Самарқанидің (14311482) мағлұматы бойынша, Жәнібектің әкесі Барақ хан 1429 жылы Моғолстанда
Сұлтан Махмуд оғлан дегеннің қолынан қаза табады» деп жазған болатын. Сарайшық Москваны бағындырған Тоқтамыс х а н н ы ң д а м ә ң г і л і к мекеніне айналғандай. Тоқтамыс Жошының ұлы Тоқай Темірден тарайтын Тайқожаның ұрпағы еді. Тарихшылар оның 1406 жылы
Түмен маңында Едіге бидің ұлы Нұрадынның қолынан өлтірілгенін жазғанымен, оның басының Сарайшыққа әкетілгенін нақтыламайды. Ал ол турасында аңыз-әңгімелер жетерлік. Оған негізгі дерек ретінде ноғай халқының «Едіге» жыры алынады. Біздіңше, жырдағы ақпаратқа толық сенуге болады.
Өйткені, Нұрадын әкесі Едігенің кегін қайтарып, ханның басын көпке көрсету үшін ноғайлар қоныс тепкен Сарайшыққа әкелінуі заңдылық. Жоғарыдағы деректерді негізге ала отыра, Алтын орда хандары Жошының Батуынан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу Мөңке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәнібекұлы, Жошының Тоқай Темірінен тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарайтын қазақ хандарының атасы Ақ орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы Сарайшықта жерленген деген қорытынды жасаймыз. Ал, Сарайшық кесенесіндегі Бату хан немересі Мөңке Темір Тұқанұлын археолог ғалымдар «осында жатыр» деп көрсеткенімен, оны айғақтайтын деректер әзірше сенімсіздеу. Ол тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Болашақта жаңа деректермен Сарайшықта жерленген хандар тізімі толығады деген сенімдеміз. Са р а й ш ы қ Н о ғ а й ордасының да астанасы болғандықтан ноғай билерінің осында жерленгені еш талас тудырмайды. Дегенмен нақты кім жерленген, оны қандай деректер дәлелдейді деген сұрақтар көзі қарақты оқырманды қызықтырады. Орыс архивтерінде ол турасында әзірше дерек кездеспегенін ноғайтанушы А . И с и н з е р т т е у л е р і айғақтайды.
Әнес Сарай «Ноғайлы» зерттеуінде «Ноғай билері мен мырзаларының орыс патшалығына жазған хаттары мен қарым-қатынас жолдамаларында: «Жайықта біздің зиратымыз», «Жайықта, Жайықтағы Сарайшықта біздің ата-бабаларымыз жатыр» деп талай мәлімдеген. Тарихи оқиғалардың даму барысына қарағанда «Жаңбыршы, Мұса, Орақ, Мамай, Жүніс сынды тарихи тұлғалардың қабірлері осы Сарайшықта», ал кесенеде жазылған Шейхмамайды «1549 жылы өз өлімімен өліп, Ор (Орск) бекінісі іргесінде, Ырғызға баратын қара сүрлеудің жиегіне жерленген» деп жазғанымен оны қандай деректен алғанын көрсетпейді.
Ноғай билерінің ішінен атақты Едігенің де Сарайшықта жерленгені туралы жазылып жүргені белгілі. Бұл пікірге қарама-қайшы Едіге бидің мәңгілік мекені Ұлытауда, Ақтөбе жерінде, Маңғыстауда, Ресей Федерациясындағы Астраханның шығысында екенін жазып жүргендер де баршылық. Оларға енді эпикалық жырлардағы Ер Тарғын, Қамбар батырларды қосыңыз.