Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Халыққа дүрілдеген атағыңның керегі жоқ…

Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. Кезекті сырлы схбат кейіпкері – әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмира АҚҮРПЕКОВА.

– Атырауға ат басын көп бұра бермейсіз. Сахнада да сирек көреміз. Бұл неліктен?

– Атырауға жас кезімде жиі келетін едім. Қазір ойланып отырсам, соңғы рет өзімнің жеке концертіммен келіппін. Оған да төрт жыл болып қалыпты. Жалпы, халық шақырған тойларға келіп-кетіп жүрген жайым бар. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген ұстанымның адамымын. Өзін ұсынып, көрінген жерден жылт ете беретін әншілер қатарынан емеспін. Ал, шақырылған жерден қалмаймын. Себебі, шақырылған жерде сенің несібең бар деген сөз.

– Ең алғаш сахнаға гитарамен шыққан қазақ қыздарының бірісіз. Сізге дейін бұл үрдіс болмаған-ды. Қоңыр домбыраның үніне үйренген халық сізді бұл аспаппен сахнаға шыққанда қалай қабылдады?

– Жақсы қабылдады. Алғашқыда гитарамен мені шақыра бастаған кезде, мен домбырамен айтуды ұсынатынмын. Бірақ, концертті ұйымдастырушылар гитарамен ән шырқаудың ерекше екендігін, аспаптың өзіме жарасатынын алға тарта бастады. Содан соң, мен де осыны құп көрдім. Көрерменге де гитарамен танылып кеттім.

– Байқап көрсек, сіздің бойыңызда ерекше бір ұяңдық, ибалылық қасиет бар екен. Жалпы, табиғатыңызда қандайсыз?

– Табиғатымнан мінезім ұяң жанмын. Бойжеткен қыз кезім. Өнер сахнасына алғаш шыққан кездерімде қатты ұялатынмын. Бірақ, дауыс жағынан ешқашан да ұялған емеспін. Өйткені, халықтың маған деген ықыласын сезетінмін. Ал, қазір сахнада жүргенімізге 30 жылдың жүзі болды. Бұрынғыдай қызара қоймағанымызбен, әлі де ұяңдық сезім бойда бар.

– Атақ-дәреже алуға ұмтылмайсыз ба?

– Жоқ, өздігімнен ұмтылмаймын. Ол тек ресми атақ қой. Халыққа дүрілдеген ресми атағыңның керегі жоқ. Тыңдарманға ең бастысы, әдемі әнің, жақсы болмысың керек. Әрине, жас ұлғайған сайын ресми атақтың да керек екендігін сезініп жүрмін.

– Қазір сахнада сауысқан да сайраған, әтеш те ән салған заман боп кетті ғой. Оған кінәлі өздеріңіз емессіздер ме? Бұл жағдайдан қайткенде арыламыз?

– Біздің буында қандай кінә болуы мүмкін деп ойлап отырсам, қазір өрелі өлең, әуезді ән жоқтың қасы. Әнді әнші айтпайды, әнді ақша айтатын болды. Ерікпеген екінің бірі сахнада жүр. Қазір бір клиппен-ақ өзін жұлдыз санайтындар бар. Ал, біз қанша жыл еңбек етіп барып танылатынбыз. Бірақ, соның бағасы артық деп ойлаймын. Біздің кезіміздегі әншілердің шынайы екендіктерін халық біледі.

– Өнер жолына берілген жансыз. Сұхбаттыңыздан білгенімдей, енеңізбен арадағы келіспеушіліктің кесірінен, жолдасыңызбен араңыз ажырапты. Кейін бір танысыңыз сол жолдасыңыздың қолынан ұстағанын біліпсіз. Оны қалай қабылдадыңыз, сатқындық деп пе, әлде, махаббат деп пе?

– Сол кезде маған сатқындық боп көрінді. Ал, есейе келе бұл да басымдағы бір сын шығар деп қабылдадым. Мені ата-анам отбасылық өмірге сақадай-сай қып тәрбиеледі. Үйді жинау, таза ұстау, тамақ пісіру сиыр сауу, нан жабу деген істің бәрін кезінде анам маған үйретті. Тіпті, үйге келін боп түскен кезде жеңгеме де мен үйрететінмін. Сол кезде жеңгем «сен керемет келін боласың» дейтін маған. Өзім де солай ойлайтынмын.

Бірақ, ондай отбасылық өмір бұйырмады. Енем «үйде ғана отыратын келін керек еді» деген тілегін алға тартты. Бірте-бірте жолдасым екеуміздің арамызда да осы тақырыпқа сай түсінбеушіліктер бола бастады. Солай, түбі ажырасуға әкелді. Алты айлық қызыммен ажырасу маған да оңайға соқпады.

– Ал, сол қызыңыз қазір қайда?

– Қызым қазір студент. Мамандық таңдауды өз еркіне қалдырдым. Ол өнер жолын таңдады.

– Сіз өнер адамы болғанын қалап тұрсыз ба?

– Мен оған үнемі қыз баланың үлкен бақыты – бір үйдің келіні болу деп түсіндіремін. Сондықтан, әйел бақытын үнемі бірінші орынға қой деймін. Ал, карьера – екінші кезектегі мәселе. «Егер сен біреудің келіні болсаң, көп балалы ана болуға тырысуың керек» дегенді айтамын. Өзім он баланың төртіншісімін.

Әкеміз ерте қайтыс болған кезде, кенжетайымыз 3 жаста болатын. Сонда мен анамның қалай қиналғанын, он баланы асырап, жеткізуге қалай еңбек сіңіргенін көрдім. Сондықтан, мен оқып, қызмет етіп, анама көмектесуді жөн санадым. Кеш күйеуге шыққан себебім де сол.

– Әлі де солай ма? Бауырларыңызға қарайласып жүресіз бе?

– Әрине. Бірақ, олар өз тірліктерімен өмір сүруде. Отбасылы, маған деген сыйластықтары да ерекше. Үнемі кезінде жасаған жақсылықтарыма алғысын жаудырып, ерекше ықылас танытып отырады.

Сұхбаттасқан:

Балауса ХАЛЕЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button