Халықаралық оқу-жаттығуы өтті
Ақтауда 8-17 шілде аралығында өткен «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы қорытындыланды. Түнгі уақытта Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери контингенттері «Оймаша» полигонында, сондай-ақ Тоқмақ мүйісінен екі шақырым жердегі теңіз учаскесінде соғыс қимылдарын тәжірибе жүзінде көрсетті. Аталған шарада әскери қызметшілері 17 тактикалық эпизодты пысықтады. Оның барлығы да заңсыз қарулы құрылымды жоюға бағытталған жаттығу болды.
Осылайша, оқу-жаттығуға 4 мыңға жуық әскери қызметшілер және 700-ге дейін қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Тактикалық эпизодтар, жердегі және әуе барлау топтары, теңіз арнайы күштері, армия мен майдан авиациясының экипаждары, әскери кемелер мен қайықтар, артиллериялық есептеулер, шабуыл және танк бөлімшелері қатысты. Шара аясында мәдени-демалыс және спорттық бағдарламалар өткізіліп, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша, «Бағдар» тактикалық бағдарлау және армиялық тактикалық ату бойынша жарыстар атқарылды.
Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, қауіпсіздік күштерінің қалған бөлігі айтарлықтай шығынға ұшырады. Біріккен әскерлер тобының бөлімшелері барлау, минаға қарсы әрекет ету, аралық базаны бұғаттау, құрлықтағы және теңіздегі қарулы күштерді жою жұмыстары бойынша сынға түсті.
Операцияға Әскери-теңіз күштері мен әуе десанттары, шабуыл эшелоны, мобильді-атыс тобы қатысып, олардың әрекеттері зымыран-артиллериялық кемелермен, артиллериямен, ары қарай армия мен майдан авиациясымен жалғасты.
Он күнге созылған оқу-жаттығудың қорытынды шарасына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты. Ол қарулы қақтығысты оқшаулау жөніндегі бірлескен операцияны басқару органдарының үйлесімділігін және жауынгерлік әзірлікті, әскери контингенттер бөлімшелерінің жедел үйлесімділігін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Әскери қызметшілер бұл тапсырманы сәтті орындап, жауынгерлік жағдайда өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін алды.
– Оқу-жаттығу жоспарын іске асыру барысында нақты жауынгерлік жағдайларға жақын жағдай модельденіп, қайта топтастыру және біріккен әскерлер тобын құру мәселелері қарастырылды. Тактикалық эпизодтарды орындау кезінде, әртүрлі қару-жарақ пен әскери техника қолданылды: авиация, әскери-теңіз күштерінің кемелері, артиллериялық есептеулер, әуе қорғанысының зениттік-зымырандық кешендері, броньды және инженерлік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды, — деп нақтылады Қазақстанның қорғаныс министрлігінің басшысы.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов биыл құрлықта және теңізде өткізілген оқу-жаттығу тек ауқымымен ғана емес, сонымен қатар жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейімен де ерекшеленетінін атап өтті.
– Қатысушы елдердің әскери контингенттері бір сапта жауынгерлік міндеттерді келісіп және шебер орындауға дайын екендіктерін көрсетті. Бірлескен оқу-жаттығудың мақсаттарына қол жеткізілді және қойылған міндеттер толық көлемде орындалды, — деп қорытындылады Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.
Рәсім барысында Әзербайжан Қорғаныс министрлері генерал-полковник Закир Хасанов, Қырғызстан – генерал-лейтенант Бақтыбек Бекболотов, Өзбекстан – генерал-лейтенант Баходир Құрбанов және Тәжікстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Саидасрор Саид Абдуллозода сөз сөйледі. Оқу-жаттығуды ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, делегация басшылары оның дайындығының жоғары деңгейін атап өтіп, қатысушы елдердің Қарулы Күштерінің ықтимал агрессия актілерін тойтаруға, жауынгерлік әзірлігін нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ қатысушы елдердің қорғаныс министрлерінің бұйрықтарымен бірқатар әскери қызметшілер халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен және естелік кәдесыйлармен марапатталды. Іс-шара әскери контингенттер колонналарының салтанатты шеруімен аяқталды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА