Атырауда балық өсіруге көп көңіл бөлінуде

f5f00fa9cc22c9f03a176610d4e4cc78 xl Жаңалықтар

Атырау қазір «мұнайлы мекен», «өндірісті өңір» деп жиі айтылады. Қойнауы «қара алтынға» толы болғасын ғой, бүгінде біздің облыстың еліміздің ең ірі донор аймағына айналып отырғаны. Ал, осыған дейін бұл өлке балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған бекіре балығы мен қара уылдырықтың «отаны» аталып келгені бүгінгі ұрпаққа ертегі іспетті. Өйткені, қазір бекіренің бел кеспесі тісімізге түгіл түсімізге де кірмейді…

Шынында, кеңес дәуірінде атыраулық балық өнімдері талай елдің жеңсік асы еді. Кезінде балық өнеркәсібін өркендеткен ұжымшарлардың орнын кейін кооперативтер басты. Бірақ, жұмыс бұрынғыдай алға басқан жоқ. Ақыры, Атыраудағы аты аңызға айналған ірі балық комбинаты да, даму бағыты тек балықпен байланысты бір аудан жабылып тынды. Десек те, ұзақ іркілістен кейін ілкімді істердің де барын байқап жүрміз. Әсіресе, соңғы он жылда жеткен жетістіктер аз емес секілді.

Ендеше, бір кездері дәурені дүрілдеп тұрған балық шаруашылығының бүгінгі аяқ алысы мен тыныс-тіршілігі қалай екені, тауарлы балық өсірудің қаншалықты жолға қойылғаны, бітеліп тұрған теңіздің тамағын ашу бағытындағы және шаруашылыққа тың технология тарту мен ескірген зауыттардың жаңарту жөнінде біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлымен әңгімелескен едік.

ba16d33a 1b20 463e a69d b910c4bcbb1c

Тауарлы балық өсіру – басты міндет

– Әңгімеге дендемес бұрын қазір облыста балық шаруашылығымен шұғылданатын субъект санын білсек…

– Барлығы 19 субъект кәсіптік балық аулаумен айналысса, төртеуі тауарлы балық өсіруді қолға алған. 2021 жылы «Шағала-Атырау» кәсіптік балық аулау субъектісі тіркелсе, былтыр балық аулайтын, әрі өсіретін «Сағиева» мен «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іске қосылды.

Бүгінде «Сағиева» серіктестігі өзі өсірген 30 мың тонна шабақты тоғанға жіберіп отыр. Оның 5 мың тоннасы – бекіре, қалғаны – қара балық. Ал, «Тілекші» техникалық тоғанда тұқы балығын өсіріп жатыр. Егер бекіре бес жылда өнім берсе, тұқы екі жылда екі-үш келі жинап, тауарлы балыққа айналады. Сондай-ақ, осындай шаруашылықтың Махамбет пен Құрманғазы аудандарында үшеуі, облыс орталығында екеуі бар.

Былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша 15 мың тоннаға жуық балық ауланды. Оның өңделген 13 мың тоннасының 7,5 мың тоннасы алыс-жақын елдерге экспортталды. Қалғаны сұранысқа сай отандық нарыққа жөнелтілді. Жалпы алғанда, былтырғымен салыстырғанда биыл ел ішіндегі сұраныс айтарлықтай артқаны айрықша қуантады.

– Тауарлы балық демекші, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Былтыр 300 тоннаға жуық тауарлы балық өсірілді. Арасында бекіре де, тұқы тұқымдастары да бар. Жалпы, облыста тауарлы балық өсірушілер аз. Сондықтан болар, былтырдан бастап бұл бағытта мемлекеттік қолдау тетіктері енгізілді. Ниет білдіріп, қаржы құйып жатқан инвесторлар да жоқ емес.

Ал, кәсіптік балық алаудан республика бойынша бірінші орындамыз. Елде ауланатын балықтың 30 пайызы – атыраулық балықшылардың үлесіне тиесілі.

Экологиялық ахуал алаңдатады

– Жайық өзені жылдан-жылға тартылып барады. Оның түбін тереңдету жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Иә, бүгінгі экологиялық ахуал шаруашылықты дамытуға кедергі келтіріп отырғаны рас. Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі су деңгейі, әсіресе Каспий теңізіне қосылатын тұсы едәуір төмендеп кетті. Кемелер қайраңда қайырлап, жүре алмайды. Сондықтан, сала ардагерлері мен белсенділердің басын қосып, су деңгейін де өлшеп отырмыз. Былтыр 40-50 сантиметр еді, биыл 30 сантиметрге түсіп кеткенін көрдік. Бұл – өте апатты және алаңдатарлық жағдай. Егер бұлай жалғаса берсе, экологиялық апат орын алуы ғажап емес. Яғни, өзендер теңізден үзіліп қалған соң балық шаруашылығын былай қойғанда, елде су тапшылығы туындайтыны анық. Сондықтан, қауіптің алдын қазірден ала берген дұрыс.

Осы мақсатта 2017 жылы өзен түбін тереңдету жұмыстары басталған еді. 2021 жылға дейін Жайық пен Қиғаш бойында және жанама су айдындарында 167 шақырымдық жұмыс жасалды. Енді 2022-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша аталған жұмыс жалғасып келеді. Қажетті қаржы да бөлінді. Тіпті, республикалық бюджеттен де қаржы бөлу жолдары қарастырылуда.

Егер бәрі сәтті аяқталса, тек балық емес, егін мен мал шаруашылығын дамытуға да жол ашылары сөзсіз. Бұл мәселе бойынша былтыр қарашада облысқа келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де бірқатар тапсырма берген еді.

Шикізат болып шетел асқанша…

– Бүгінде балықтың 30 пайызы шетелге шикізат есебінде ғана экспортталып жатыр. Президент бұған шектеу қою қажеттігін айтты емес пе? Ендеше, балықты өңдеуге не кедергі? Кооперативтердің қауқары жетпей ме, әлде тың технология тапшы ма?

– Сөзіңіздің жаны бар. Соңғы жылдары біз балықты аулаудан гөрі оны өсіріп, өңдеуге көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Мысалы, былтыр Құрманғазы ауданындағы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі балық өңдеу цехын жартылай болса да іске қосты. Қосымша құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Зауыт заман талабына жауап беретін құралдармен жабдықталған.

Бізде барлығы 17 субъект балық өңдейді. Ал, терең өңдеумен тек бір ғана «Амангелді» ЖШС айналысады. Айтпақшы, Құрманғазы ауданындағы «Каспийфиш» ЖШС-іне тиесілі әбден тозығы жетіп титықтаған Шортанбай балық өңдеу зауыты толықтай модернизациядан өтпек. Көп кешікпей, соңғы үлгідегі құралдармен жарақтанған үлкен өндіріс орнына айналады деген үміт бар. Бұған жергілікті бюджеттен 11 миллиард 600 миллион теңге қаралған.

Қалай десек те, Президент тапсырмасы бойынша қазір терең өңдеуге бет бұрыс басталды. Мысалы, енді қажетті құрал-жабдықты сатып алуға республика қазынасынан 30 пайыз субсидия қарастырылған.

Ендеше, балық өсіруге немесе өңдеуге ниетті жандар болса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз.

«Балық – салық – нарық»

– Айтпақшы, сіз айтып отырған Шортанбайдағы балық өңдеу зауытының базасында теңіз флоты құрылатыны рас па?

– Жасыратын несі бар, теңізде балық аулау ісін барынша дамытқымыз келеді. Оған тиісті ұсыныстарды да енгіздік. Алайда, кеменің бағасы өте қымбат екенін ескеру керек. Сондықтан, кеме құнының 30 пайызын мемлекет субсидиялайтын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Егер осы мәселе шешілсе, жаңа кемелер алып, балық аулауға ниетті жандар бар. Теңізде балық аулауға рұқсаты бар 13 субъектінің жетеуі кеме алуға дайын, тек қолдау күтеді.

– Құн демекші, балық шаруашылығы қосымша құн салығынан босатылды ма?

– Жоқ, бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Қазір тиісті заңға өзгерістер енгізу жайы Парламент қабырғасында қаралып жатыр. Оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Бұл – аяқ астынан пайда болған ұсыныс емес, жылдар бойы зерттеліп, зерделеніп келген тақырып. Мәселен, жуырда «Атырауда балық өте қымбат» деген тұрғындар шу шығарғанын білесіз. Ал, қымбатшылық неден туындайтынына ешкім терең үңілген емес. Өйткені, қосымша құн салығының мөлшері шамадан тыс көп, соның кесірі осындай наразылыққа душар етті.

Бекіреден асқан байлық жоқ!

– Атырауда 1998 жылдан бері жылына 7 миллион бекіре шабағын өсіріп отырған қос зауыт бар. Екеуі де ескірді, техникасы тозды…

– Не сұрағыңыз келгенін түсіндім. Былтыр бекіре өсіру зауыттарын біріктіру жолымен қуатын арттыру жөнінде қаулы шықты. Яғни, екі зауыт та толықтай жаңартылады деген сөз. Биыл министрлікте жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Келесі жылы модернизация жұмыстары басталып кетеді. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Қос зауыт та 80 пайызға жаңартылмақ. Балықты ұрықтандырудан бастап, өзенге жіберуге дейінгі процесс толықтай автоматтандырылады. Ал, қуатын 12 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Әрине, екі зауытқа қарап отырмай, қосымша бекіре шабақтарын өсіру бағытында олардың аналығын күтіп-ұстауға инвестиция тартып жатырмыз. Сондай бір нысан Махамбет ауданында ашылмақшы. Оған жергілікті қазынадан 1 миллион 200 мың теңге қаралады.

Бір қуантарлығы, қазір шабақ және оған жем алуға қоса, аналық балықты сатып алып, ұстауға да мемлекеттен субсидия енгізілген.

– Сұхбат соңында балықшылар қауымына айтар ұсыныс-тілегіңізді білсек…

– Балық шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған тағы бір жайт – браконьерлік. Тек былтырдың өзінде 3 мың әкімшілік, 70 қылмыстық іс қозғалып, 31300 тонна балық тәркіленді. Заң бұзғандар айыппұлын төлейді де, бұрынғы ісіне қайта оралады. Соған қарағанда, заң әлсіз бе, әлде жаза жеңіл ме, бірақ, браконьерлікпен күрес өз нәтижесін бермей отырғанын мойындау керек. Сондықтан, тиісті заң талаптары қатаңдатылса деген ұсыныс айтар едім.

Екіншіден, уәкілетті органның материалдық базасын күшейткен жөн. Себебі, құралдың бәрі ескі. Қазір олардың заманауи түрлері шығып жатыр. Ал, заң бұзған қылмыскерлерді қуып жету оңайға соқпай тұр.

– Әңгімеңізге рахмет. Көк айдын төсіндегі ерлердің еңбегі еселене түсуіне тілектестігімізді білдіреміз!

Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз