Халық тілегі «қағазда» қалмаса екен…
Айдың күннің аманында, технологияның дамыған заманында ауылдық округте мектеп жоқ. Еркінқалалықтардың айтуынша, басқа өңірден келген мердігер мекеме 600 орындық мектепті бастағанымен, соңы сиырқұйымшақтанып, сағызша созылғанына ренжулі.
Ал, оқушылар басқа ықшам аудандағы мектепте оқып жүр. Оқушыларды тасымалдауға шығарылған автобустың да жүргенінен тұрғаны көп секілді.
— Қаңтарда берілуі тиіс мектептің қаңқасы ғана тұр. Қазір балаларымыз үш ауысымда оқып жүр. Жүгіріп кіріп, жүгіріп шығады. Жағдай осындай, мынадай тірліктен не білім болады? – дейді ашынған ауыл тұрғыны Гүлбарам Қаленова.
Ол ол ма, еркінқалалықтар тіпті сапалы медициналық көмекті де ала алмай, анализ үшін ел кезіп, елкезбе атанғандарын да жасырмады. Айтуларынша, ел игілігі үшін тұрғызылған жергілікті амбулатория сенімгерлік басқаруға берілгелі шақша бастары шарадай болған. Медициналық талдау сараптамалар не белгілі бір маманның көмегін алу үшін сонау Нұрсая мөлтекауданына қатынауға тура келеді екен. Айтпақшы, мұнда спорт алаңы да жоқ болып шықты.
Еркінқала елді мекенінің тұрғындары аталған мұң-мұқтаждарын облысқа іссапармен келген Парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановпен кездесуде жарыса айтып, ықпал етуін сұрады. Халық қалаулысы ел уәжінің шешімін табуына көмек көрсететінін айтып, жергілікті жауаптыларға да жауапкершілік жүктеді.
Кездесу кезінде халық қалкаулысы мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстар туралы да ақпарат берді.
– «Елімізде ірі көмірсутегі кен орындарын игеру кезінде 50 пайыздан асатын үлесті көмірсутек саласындағы ұлттық компаниямызға тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беретін келісімшарттардың болуы міндеттелді. Ендігі жерде геологиялық қорында 100 млн.тоннадан астам мұнайы, 50 млрд.текше метрден астам газы бар барлық кен орындар бірінші кезекте ұлттық компаниялардың қатысуымен игерілетін болады. Және ұлттық компаниялардың келісімшарттардағы үлесі 50 пайыздан жоғары болуы міндетті» деген өзгерістер енгіздік.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын жетілдіру бойынша ұсыныстар бердім.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобасына және есірткі құралдарының тізбесіне «азот оксиді» мен «тропикамидті» енгізу туралы да мәселе көтеріп, ұсындым, — дей келе қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде республикалық бюджетті бекітуге, оның ішінде Атырау облысынан республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған жобалардың қолдау табуы бағытында жұмыстанып жатқанын жеткізді.
Ал, АПЕК колледжінде өткен кездесуде облыс орталығының тұрғындары Ерік Мостовой каналын суға толтыру, мұнайлы мекеннің сын көтермейтін экологиялық мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, Өзін Рузия деп таныстырған тұрғын Өркен ықшам ауданында балалар үшін ойын алаңын салдыра алмай жүргенін айтып, сол аудандағы 26-46 көшелердің қиылысында карьердің орнынан да қауіп барын айтып дабыл қақты.
Ал, тағы бір томарлылық Томарлы ауылындағы екі жыл бұрын құрылысы басталған музыка мектебінің сол күйі салынбай қалғанын, соның салдарынан қаншама қаражаттың ауаға ұшқанына алаңдауы.
Мұнда да елдің жанайқайын тыңдаған Парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов мәселенің мәнісін анықтап, Парламент отырысында жауапты органдарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ