Халық қалаулысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдады
Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев Жылыой ауданына іссапармен келді.
Жұмыс барысында халық қалаулысы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңсесінде аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Оған партияның аудандық филиалының төрағасы Халел Жамалов, төрағанының бірінші орынбасары Ш.Темірбаева, аудандық мәслихат депутаты Е. Дәулетбаев, аудандық әкімдіктің бірқатар дербес бөлім басшылары, қала әкімінің орынбасары Қ.Адинов қатысты.
Сәлімжан Жұмашұлының қабылдауына келген жылыойлықтар көкейде жүрген көптеген өзекті мәселелерді қозғады.
Соның бірі — Өзбекстан елінен көшіп келген қандасымыз, зейнеткер Мырзабай Көшетов. Ол өзінің кенже ұлы қаланың Қамыскөл көлінің арғы бетінен құрылысы бітпеген тұрғын үй сатып алғанын, бірақ оған газ бен электер жарығын тарту тым қымбатқа шығып отырғанын айтып шағымданды. Өйткені жаңа пәтер «Береке-2» ықшамауданынан да шетте орналасқан. Ал Жәнібек Әділов болса, 2015 – 2019 жылдар аралығында Теңіз кенішіндегі мердігер мекемеде жұмыс жасаған. Кейін қысқартудың құрығына ілігеді. Бірақ, неге екендігі белгісіз, ТШО аймағына кіретін рұқсатнамасы бұғатталып тасталған. Соның кесірінен, 35 жастағы азамат өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүр. Бұл мәселе бойынша сот органынан да жүгінген. Одан да еш нәтиже шықпапты.
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың атынан сөз алған Әсел Ишанғалиева мен Нұргүл Сәрсеновалар өздерінің өзекті мәселелерін қозғап, ұсыныстарын да айта келіпті. Олар Атыраудан кейінгі аймақтағы екінші қала саналатын Құлсарыдан мүгедек балаларды оңалту орталығын ашса және соңғы жылдары көптеп салынып жатқан мектепке дейінгі мекемелердің бірін мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер қатынайтын балабақшаға айналдырса деген ұсынысын ортаға салды.
Әрине, қоғамдық қабылдауға Б.Мұқанова, М.Қуанова, С.Мухаев сынды өзге де тұрғындар келіп, мұң-мұқтажын айтты. Оларға Сәлімжан Жұмашұлы, Халел Жамалұлы тиісті жауабын беріп, барлығы да заң аясында шешілетініне сендірді.
Е.Қошақанов