«Халық» қайырымдылық қоры Атырау облысындағы мұқтаж отбасыларға 1000 азық-түлік және дәрі-дәрмек жиынтығын жолдады
Atr.kz / 20 шілде, 2020 жыл. «Халық» ҚҚ Қамқорлық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаеваның шешімі бойынша Атырау облысындағы мұқтаж және көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте ең қажетті азық-түлік, жуғыш және антисептикалық заттар, Қазақстан Республикасының аумағында сертификатталған және тіркелген дәрілік препараттардан тұратын 1000 жиынтық жолдады.
Елімізде карантин режимін енгізуге байланысты күрделі материалдық жағдайға тап болған және дәрі-дәрмекке мұқтаж, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың тізімін Атырау облысы әкімдігі ұсынды. Жалпы салмағы 60 кг астам әрбір азық-түлік және дәрі-дәрмек жиынтығы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасымен келісілген және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен COVID-19 емдеу хаттамасына енгізілген дәрілік препараттар, яғни азитромицин, ципрофлоксацин, амоксициллин, ривароксабан, бромгексин, спиролактон, аспирин, аскорбин қышқылы, нимесулид, сондай-ақ жиынтықта — күріш, ұн, қарақұмық, макарон, өсімдік майы, шай, қант, бұқтырылған ет, қойылтылған сүт, тәттілер, жуғыш, антисептикалық құралдар және медициналық бет перделер бар.
Төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап «Халық» қайырымдылық қоры COVID-19 коронавирус инфекциясы салдарын жоюға бағытталған үлкен жұмыстарды атқарды. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 20 000 астам азық-түлік жиынтығын тегін үлестіру, медицина қызметкерлеріне ақшалай төлемдер, қажетті медициналық жабдықтарды: ӨЖЖ аппараттарын, ПТР зертханалары және жедел жәрдем машиналары берілді. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы — 5,5 млрд теңгені құрады.
«Халық» ҚҚ мемлекет, бизнес, қайырымды жандар мен қазіргі таңда COVID-19-бен арпалысқан бүкіл Қазақстан халқының бірлігі арқасында қауіпті инфекцияны жеңетінімізге сенеді.
«inbusiness.kz»