Жарнама
Жаңалықтар

Халелдің ставкасы

Шіркін, Тайсойған – Жерұйықты іздеп келе жатып назары ауып, Қорғанша атты шағын қала салдырып, он жыл қыстаған жиһанкез, арналы ақын, кемеңгер ойшыл Асан қайғы Сәбитұлы «Қақпақты қара қазан екен» деп лайықты бағасын берген қасиетті құм, құйқалы өңір.

Халелдің ставкасы-2

О шеті мен бұ шетіне шамалы уақытта кісі жете алмайтын байтақ құмды алқапта әмбебап  ғалым, айтулы дәрігер, біртуар қайраткер, азаттық үшін жанын пида еткен алашордашыл арыс, парасатты профессор Халел Досмұхамедұлының кіндік қаны тамған, балалық бал дәурені өткен. Ол осы жерде алғашқы білім қайнарынан қанып ішті, осы жерден қыр ұлы бола тұра қияндағы Санк-Петербургке әскери дәрігерлік оқудың жоғары сатысынан дәріс алуға бел буып аттанды, осы жерден ғылыми-ағартушылық салалардың сан қилы түйіндерін шешуге қадам басты, осы жерден азаттық үшін айқасуға тәуекел етіп, күрескерлер қатарының алдыңғы сапына барып тұрды, осы жерден Алашорда өкіметінің батыс бөлімшесінің бас тұрағы – ставкасын (штабын) салуға шешім қабылдады.

Иә, жол қатынасы қиын, бір бүйір құм ішінен ставка салу қайдан жеңіл  бола қойсын-ау. Жымпиты да, Қаратөбе де, Ойыл да Күнбатыс Алашордаға  орталық кірт бола алмасын ұғынған Халел Досмұхамедұлы өзімен фамилиялас басшысы Жаншамен (Жаханшамен) ақылдаса отырып, атамекені Тайсойғаннан ставка салдыртуға кіріседі. Көзі ашық, көкірегі ояу жеделдес немере ағалары Мақаш, Шәріп Сиқытұлдарымен, өз ағасы Хасенмен, інілері Құлуәйіспен, Құлымжанмен, құрдасы Мырзағали Қаржауұлымен пікір тоғыстырып, ставка үйін табиғаты жайлы, айналасы көк шалғын, жер реңі жүріп-тұруға ыңғайлы Жәйім шағылының етегінен, Қаржау талының қасынан, жазда киіз үй тігіп отыруға қолайлы Сейтімбет ашығына тақау арадан тұрғызуға бекінеді. Шығыс беттегі көрінім жерде кұм ішін жыланша ирең қағып кезіп  Жарыпшыққан өзені, теріскейінде қозыкөш қашықтықта ерке Ойыл өзені ағып жатқан өңір. Іргесінде үйрек, қазы, шағаласы ызы-қиқу шулаған, балығы тайдай тулаған көлі шалқыған мекен.

Артта қалған ғасырдың аяқталуына екі-үш жыл қалғанда Тайсойғанның төл тумасы, облысымыздың абыз ақсақалы, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жастар тәлімгері» құрметті атағының иегері Шоқан Қаржауовпен бірнеше дүркін жолығып, сұхбаттасқан сәттерімнің бірінде оған Халелдің ставкасы жайлы сұрақ қойғанымда, оның құрылысы 1918 жылдың жазында басталғанын, салуға Қазыбек, Сорқуыс ауылдарының аралығында отырған әкесінің інісі Қабдолла Мырзағалиұлы  келіншегімен екеуі қатысқанын  айтқан болатын.

Әрине, шалғай өңірден құрылыс тұрғызуға қажетті белдік ағаштарды,  қарағайларды, бөренелерді, тақтайларды, әртүрлі керек-жарақты, бұйымдарды табу, тасып жеткізу оңайға соқпайды. Халелдің немересі Марат Әділханұлының «Үш қиян» газетінің 2010 жылғы мамырдың 13-індегі санында берген сұхбатында және басқа да  басылымдарда жарияланған материалдарда атап көрсетілгеніндей, Халел Досмұхамедұлы  Күнбатыс Алашорданың атты әскерін жасақтау, Самарадағы Комуч үкіметінен етке қару-жарақ айырбастап алу, Ұлттық банк, баспахана ашу, «Еркін қазақ» газетін шығару және тағы басқа кезек күттірмейтін шаруаларды   жандандыру, орайластыру жолындағы талас-тартысты, қат-қабат  жұмыстарды, ұйымдастыру шараларын жүргізу үстінде қауырт  жүрсе де арасынан сына тауып, Тайсойғандағы ставканы салуға керекті материалдарды іздеуге уақыт бөледі. Қолы ұзын Халел елден келгендердің ділгір нәрселерін табуға барынша  көмектеседі, бағыт сілтейді. Құрылыстың қай орында, қалай салынатынын айтып, жобасын қағазға өзі сызып береді. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде саман тасты (балшыққа қыл, биенің сүтін қосып илеп) мықты болатын әдіспен қолдан бастырып, төбе жабындысына керекті ағаштарды Көкжардан, Оралдан, Орынбордан ат, өгіз арбалармен тасыттырады. Шоқан Мырзағалиұлы құрылыс салуға басшылық жасаушылар есік, терезелерді, қақпаны Үйшіктегі (Гурьевтегі) шеберлерге жасаттырып, алдырғанын еске алған еді.

Халелдің ставкасы

«Халелдің ставкасы» атанған құрылыстың біткенін көргендер «Сегіз қанат үйдей орын» десе, енді біреулер сегіз бөлмелі деп көзге елестетеді. Өз басым бала кезімде өткен ғасырдың елуінші жылдарының басына дейін Тайсойған алқабында болғанымда, құм арасынан ақшаңқан пәтердің жартылай құлаған қабырғалары тұрғанын көрген едім. Сол өңірде ағам Отарбай мен анам Қағаз жаз бойы қой бағып отыратын. Олардан:

— Бұл не деген орын?- деп сұрағанымда:

— Халелдің ставкасының құлап-құлап қалған бөлігі ғой, —  деп жауап беретін.

— Халел кім? Ставка деген не нәрсе?- деп сұрағаныма екеуі де тұщымды  жауап қайтара алмай:

— Білудің қажеті жоқ, — деп құтылатын.

Бақсам, «халық жауы» ретінде жазаланған Халел Досмұхамедұлының атына жағылған қара күйеден әлі ақталмаған кезі екен ғой. Оны бертін келе білдік.

Тоқсаныншы жылдардың басында Халел туралы роман жазуға деректер мен дәйектер жинақтап жүрген жерлес жазушымыз Мереке Құлкеновпен бірге, қасымызда арысымыздың жиені Қабдол Нұрмашев пен туысы Тұрғанғали Мырзағалиев бар ставканы, сол әулеттің атамекенін іздеп бардық. Жер реңі өзгеріп кеткен. Білемін деп сенімді барған туыстарының өздеріне де табу оңай болмады. Жергілікті жердегі ферманың мал маманы Жалғас Тапаевтың көмегіне сүйенуімізге тура келді. Баяғы өзім көрген ақшаңқан қабырғадан түк те қалмаған. Тек ставканың үш бөлмесінің ізі ғана ағарып, көзге ілігеді.

Осы араға жақын жерді көп жыл қоныс еткен қарт Мұса Жантөрин ставканың тік тұрған бөлігінің қабырғасын бұзып, қажетіне жарату үшін тасын алған. Сонда оның ішінен көп кітап, қағаз шыққан көрінеді. Олардың не екенін білмеген ақсақал қорқып, сол маңға бір жерге, бір дөңгелекті үстіне бастырып көміп тастаған. Бұл әңгімені маған Мұса қартпен көрші болған, сол маңайда ұзақ жылдар бойы мал бағып отырған Халел Досмұхамедов атындағы асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының (қазіргі «Жасқайрат» АҚ-ының) бақташысы Амангелді Жайкин айтқан еді. Иландырар дерек. Бірақ көміндіні табу мүмкіндігі болмаған. Тапқан күннің өзінде сақталу тәртібі бұзылғандықтан кәдеге жарамасы, оқылмасы хақ.

Шоқан Қаржауов ақсақалдың айтқанындай, Халел Досмұхамедұлы ставканы өз мақсатында дұрыс пайдалана алмаған. Тек қана Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Равиль Мәжитовтің  Алматыдағы «Арыс» баспасынан 2007 жылы жарық көрген «Жаханша Досмухамедов» атты кітабында баяндалғанындай, Алашорданың батыс бөлімі әскері, қару-жарағы 1919 жылғы наурыздың басынан кейін Жымпитыдан Қызылқоғаға көшіріле бастағаннан бастап ілкіде ақтардың жағында, артынан Кеңес өкіметі жағына шығып, желтоқсанның 27-28-і күндерінде генерал-лейтенант В.И.Акутин бастаған Елек корпусының армиясын талқандап, екі күнде 1500-ден астам жасақшыларын тұтқындағанға дейін Тайсойғандағы ставканы басқару пункті ретінде пайдаланған. Тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде Атырау қаласына қарасты Ақжар ауылындағы Мұнайшы көшесінің 77-ші үйінің 2-інші пәтерінде тұрған қария Ербақы Ғаббасовпен әңгімелескенімізде, ол:

— Халел ең шешуші айқастар болатын күндері ұрыс жүріп жатқан жерге жақын, Қызылқоғадан 12 шақырым қашықтықтағы Арыстан атамның қыстауын сұрап алып, штаб жасады. Оқ-дәрі, гильза қалдықтары пәтеріміздің іргесінде пышырап жатты, — деп еске алған еді. Осыдан басқа уақыттарда ұрыс қимылдарын басқаруды Халел мен Жанша Тайсойғандағы жаңадан салдырған ставкадан жүргізген. Бірақ 1920 жылдың басында Күнбатыс Алашорда құрамы кіретін Қызылқоға ревкомы шұғыл таратылып, Кеңес өкіметі тарапынан Халелдерге сенімсіздік көрсетіліп, саясатқа араласудан шеттетілгеннен кейін ол ставка болуды доғарды. Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында тұрған атақты медицина қызметкері Мұқанбетжан Зұлқанов ставка үйі жиырмасыншы жылдардан бастап бастауыш мектеп үшін пайдаланылғанын, онда өзі оқығанын, сондай-ақ, обаға қарсы күрес комиссиясының орталығы, Халелдің Ташкенттен, Алматыдан жазғы демалысқа келгенінде ем қабылдайтын орны болғанын, онда өзі де емделгенін  айтып берді және өз сөзін нақты дәлелдермен әдіптеді.

Бертін келе Халел Досмұхамедұлының мерейтойларын өткізу кездерінде әкімдіктер ставкаға арнайы көңіл бөліп, оның қасына ескерткіш белгі орнатып, басына тал егуге мұрындық болды. Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатынасушылардың бір тобы арнайы барып, ставка орнын, оның маңайын, Халелдің ата-бабасы жатқан қауымды аралады. Осылайша Халел ставкасы Күнбатыс Алашордадан қалған бір нысан ретінде қадір тұтылып келеді. Бұған риза болмасқа бола ма?!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қызылқоға ауданының құрметті  азаматы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button