Халел Досмұхамедұлы және Батыс Алашорда: тарихи ақиқаттарға жаңа көзқарас
Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Халел Досмұхамедұлы және Батыс Алашорда үкіметі: жаңа тарихи деректер» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Алаш қозғалысының тарихы мен оның көрнекті қайраткері Халел Досмұхамедұлының өмірі мен қызметі талқыланған бұл жиында тың деректер жария етіліп, еліміздің ұлттық тарихына жаңаша көзқарас ұсынылды.
Аталған университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, семинарға белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысып, Батыс Алашорда үкіметінің құрылуы, қызметі және ел тарихындағы орны жайлы мазмұнды баяндамалар жасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәмиға Таңатарова Батыс Алашорда үкіметінің қалыптасуы мен оның тарихи маңыздылығын саралап, жаңа деректерді ортаға салса, Аққали Ахмет Алаш қозғалысының әлі де ашылмаған беттеріне тоқталды. Серік Қуаныш атыраулықтардың Батыс Алашорда жұмысына қосқан үлесіне қатысты нақты мәліметтермен бөлісті. Ал Алматыдан арнайы шақырылған ғалым Болат Жұмағұлов Батыс Алашорда үкіметінің әскери тарихына қатысты мәселелерді талдап, тың мәліметтермен бөлісті.
Жиын барысында Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов ғалымдардың еңбегіне алғысын білдіріп, Алаш зиялыларының идеяларын қазіргі ұрпаққа жеткізу бағытындағы зерттеу жұмыстарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, семинарда айтылған тарихи деректерді білім беру үдерісіне енгізу, ұлттық құндылықтарға негізделген жас ғалымдарды даярлау қажеттігіне назар аударды.
Осы семинар аясында Болат Жұмағұловқа Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұл марапат оның Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесі мен жас ғалымдарды тәрбиелеудегі белсенді еңбегін бағалаудың көрінісі болды.
Ғылыми басқосу – Халел Досмұхамедұлының Батыс Алашорда кезеңіндегі қызметіне тың көзқарас қалыптастырып, ұлт тарихындағы маңызды деректерді жүйелеуге ықпал етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиында айтылған мәліметтер мен ұсыныстар алдағы уақытта арнайы зерттеулер мен оқу бағдарламаларына енгізілетін болады. Семинарға университет оқытушылары мен студенттері де белсене қатысып, Алаш қозғалысының құндылықтары мен идеяларын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ