Гидрогеолог: “Ауыз су станцияларын жерасты су қорына қосу керек”

img 2988 Жаңалықтар

Атырау қаласында орын алған коммуналдық апатқа қатысты гидрогеолог Едіге Сабуровтың пікірін білген едік. 

Гидрогеологтың айтуынша, қоғамда бірінші кезектегі қажеттілік ауыз судың қоры болуы керек.  

“Ауыз су жер асты су көздеріне қосылуы қажет. Су болмай қалған төтенше жағдайлар кезінде су қорын пайдалануға болады. Атырау қаласындағы коммуналдық апатты ешқандай да табиғи жағдаймен байланыстыра алмаймын. Біріншіден, Жайық суының тайыздығы деуге де келмейді. Өткен жылмен салыстырғанда, су жүрмей қалуға әкелетіндей өзен тереңдігінде қатты айырмашылық жоқ. Екіншіден, қалада -40 градустан астам қатты боран болмады. Сондықтан, Атыраудағы судың жүрмей қалу себебін табиғи емес, адами фактордан дер едім. Суға жауапты мекемеде тәжірибелі мамандар қатары жоқ. Қыс алдындағы жұмыстар жеткілікті деңгейде жасалмаған болуы керек” ,- деп топшылайды гидрогеолог Едіге Сабуров.

Гидрогеолог  алдағы уақытта Атырау қаласы әкімдігі сала мамандарымен бірлесіп жер асты суы қорын жасақтау мәселесін қолға алса игі болар еді дейді. Себебі, төтенше жағдай айтып келмейді, мұндайда резервтелген су болса қазіргідей қиындық туындамайды. 

Маман осы кезге дейін ауыз судың қоры жайлы  мәселе көтеріп келетінін айтады. 

“Мұны мен ойлап тапқан жоқпын. Ауыз сумен жабдықтауда жер асты суларының қоры қажет болатыны  Су кодексінің 90 бап, 2-тармағында да айтылған. “Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арнап халықты ауыз сумен жабдықтауға жарамды сумен қамтамасыз ету үшiн ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер асты су объектiлерiнiң негiзiнде ауыз сумен жабдықтау көздерiн резервтеу жүзеге асырылады. Резервтелген сумен жабдықтау көздерiнде Қазақстан Республикасының су заңдары мен өзге де заңдарына сәйкес оларды қорғаудың және жай-күйiн бақылаудың арнайы режимi белгiленедi” деп жазылған заңның толық мәтінінде.  Сондықтан бұл мәселені жауапты құрылымдар басшыларының жауапкершілігі мен мамандар біліктілігінің төмендігінен орын алған жағдай деп есептеймін”,-дейді ол.

Нұргүл Насыр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз