Геннадий Головкин таяуда бірнеше жекпе-жек ұйымдастыруы мүмкін
Atr.kz/25-ақпан, 2019 жыл. Орта салмақтағы экс-чемпион Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) DAZN стримингтік сервиспен келісім-шартқа отыруға дайын.
Бұл жөнінде The Ring және FOX Sports журналисі Майк Коппинджер мәлімдеді.
Бұл келісімшарт Головкинге боксшы және промоутер ретінде ұсынылды. Ол DAZN компаниясының акционері болуы мүмкін. «Индустрия дереккөздерінің мәліметінше, Головкин және DAZN таяуда бірнеше жекпе-жек өткізу үшін келісімшартқа отыруы әбден мүмкін. Алғашқы уақытта жекпе-жектердің саны — үшеу, бірақ оған тағы үш жекпе-жек қосылады. Бұл келісім-шартта Головкинге компанияның акциясы және GGG Promotions үшін жекпе-жектің нақты белгіленген мерзімдері көрсетілген», — деді Майк Коппинджер Twitter желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, қаңтарда Головкин Лос-Анджелесте бір күнде екі промоутерлік компания өкілдерімен кездескен болатын. Олар — DAZN және Premier Boxing Champions (PBC) жобасы, соңғысы Showtime және FOX арналарында жекпе-жектер көрсетілімін ұйымдастырады.
Осыған дейін Головкин бокс нарығынан кеткен HBO телеарнасының қолдауымен өнер көрсеткен болатын. Бұл телесеріктеспен Головкин 2012 жылдан бері шаршы алаңда өнер көрсетті. Ал, 2018 жылы DAZN бір миллиард долларға сегіз жылға ұлыбританиялық промоутер Эдди Хирнмен келісімшартқа отырған еді. Енді ол бір жылда 32 жекпе-жек ұйымдастыруы тиіс. Бұл келісім-шарт бокс тарихында үлкен келісімдердің бірі атанды.
Дереккөз: tengrinews.kz