ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ТАМЫРШЫСЫ
Солардың бірі – бүгінгі таңда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Қодар Зәмзә Мүтәшқызы. 1964 жылы 15 наурызда Атырау облысының Индер ауданы, Индербор кентінде дүниеге келген ол әу бастан-ақ өзінің белсенділігі мен іске тиянақтылығын аңғартқан еді.
Еңбек жолын қарапайым мектеп мұғалімінен бастаған Зәмзә Мүтәшқызы шығармашылығын еліміздің ағартушылық саласына арнап келеді. Қазіргі таңда ол Қазақстан халықтары мәдениетінің экологиясы бойынша «Алтын ғасыр» қауымдастығының вице-президенті, «Тамыр» журналының шеф-редакторы, Еуразия ғалымдары клубының мүшесі ретінде қоғамдық-саяси істерге де белсене араласуда.
Зәмзә Мүтәшқызы – ғылым саласында да айтарлықтай жетістіктерге жеткен талантты әйел ғалымдардың бірі. Ол 180-нен аса ғылыми еңбек жазды. Соның ішінде – төрт монография, екі оқу құралы, білім және ғылым саласындағы аттестациялау комитетінің басылымдарында жиырмадан аса ғылыми жарияланымдар, Ресей, Украина, Беларусь, Түркия, АҚШ, Болгария, Бельгия, Германия, Чехияның шетел баспаларында ғылыми жинақтар мен әртүрлі конференция, форумдар, симпозиумдарда жарыққа шыққан отызға жуық мақаласы бар.
Ол гендерология ғылымы саласындағы практик қана емес, білікті теоретик маман ретінде елімізге танымал. Ғалымның докторлық диссертациясы гендерологиялық мәселелерге арналған. Қазақстан әйелдерінің элитасы ортасында Зәмзә ханым гендерлік саясатты іске асыру жолында тынбай еңбек етуде. Отбасын құру, отбасындағы әйел мен ердің өзара сыйластығы, жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі, әйел бақытын арттыру, қыздардың ұлттық тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге қалам тартып, ғылыми қауымдастық, қоғам алдында оларды талқылап, белгілі бір деңгейдегі шешілу жолдарын ұсынып келеді.
Зәмзә Қодар – ғалым, әрі қоғамдық-саяси істердің белсендісі ғана емес, отбасының ұйытқысы, аяулы ана. Отағасы Әуезхан Қодар – Қазақстанға танымал мәдениеттанушы-философ, «Тамыр» журналының бас редакторы. Жанұяда тату-тәтті өмір сүріп жатқан ғалымдар қыздары Айманды да ғылым мен білім жолында тәрбиелеп келеді. Айман студент болғандығына қарамастан, іргелі әдеби туындылар, философиялық мақалалар жариялап жүр. Қазақстанға танымал гендеролог Зәмзә Мүтәшқызының өмірі бүгінгі қазақ қыздарына үлгі боларлық.
Берік АТАШ,
философия ғылымдарының докторы.
Әсет ҚҰРАНБЕК,
философия ғылымдарының кандидаты.