Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Ғасыр жасаған кәсіподақ

Азаматтық қоғамды дамытуда еңбекшілердің мүддесін қорғап, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне ұйытқы болып жүретін бірден-бір ұйым – кәсіподақ. Былтыр құрылғанына ғасыр толған Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің «AQNIET» кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғап, нәтижелі жұмысы үшін қолайлы жағдай жасап келеді.

Осыған орай, «AQNIET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Атырау филиалының төрағасы Нұртаң Сәрсеновамен әңгімелесіп, ұйым тынысы, филиалдың өткені мен бүгінін сұраған едік.

– Нұртаң Дүйсенбайқызы, ғасырлық той құтты болсын! Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы осы кезеңде көптеген игі істерді жүзеге асырды ғой?..

– Иә, салалық кәсіподақтың ғасыр бойы жүзеге асырған жұмысын толық айтып түгендеу мүмкін емес. Ол жөнінде Алматы қаласында өткен форумда да сөз болып, медицина саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту тақырыбы күн тәртібіне шығарылды.

1919 жылдың наурызында Мәскеу қаласында медицина қызметкерлерінің I құрылтайында (съезд) Бүкілресейлік емдеу-санитарлық мекемелерінің жұмысшылары мен қызметкерлерінің «Всемедикосантруд» атты одағы құрылды. 1923 жылы Орынбор қаласында өткен губерниялық құрылтайда қазақстандық ұйымның кәсіптік одақ құрамына кіруі туралы шешім қабылданып, кәсіподақтың Қазақ АКСР-ы бойынша Орталық Комитетінің уәкілетті лауазымы құрылды. Саладағы отандық кәсіподақ ұйымының бастауы содан басталады. Бүгінде оның мұрагері – «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы.

1939 жылы Қазақ КСР-інде кеңейтілген құқықпен құрылған «Медсантруд» кәсіподағы он жылдан соң Бүкілодақтық Кәсіптік Одақтар Орталық Кеңесінің (БОКОК-ВЦСПС) қаулысына сәйкес қайта ұйымдастырылды. Осылайша, «Медсантруд» республикалық кәсіподағы ел өміріне белсенді атсалысты. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде кәсіподаққа халық шаруашылығын қалпына келтіру, сауатсыздықты жою, жұмысшыларды азық-түлікпен, отынмен қамтамасыз ету бойынша ауыр міндеттер жүктелді. Ұйым алдында қоғамда сұранысқа ие болу үшін өзінің басты мақсаты – денсаулық сақтау қызметкерлерінің мүддесін қорғау міндеті тұрды.

Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары, тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатымен алға қойылған сол міндеттер ғасыр бойы жалғасып келеді.

– «AQNIET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Атырау филиалының қызметі бұқарадан лайықты бағасын алды ма?

– Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық медицина қызметкерлері кәсіподағының тарихы 1925 жылдан басталады. Ол кезде штатта төраға және есепші ғана болған. 1936 жылы медициналық мекемелерде 586 адам жұмыс істесе, олардың 511-і кәсіподақ мүшесі еді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Гурьев қаласында орналасқан әскери госпиталдің 160 қызметкері дәрігерлер кәсіподағының құрамына кірді. «Медик» қабырға газеті шығарылып, ерікті спорт қоғамы құрылды. Медицина қызметкерлері облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенділікпен қатысып, 8 адам еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесінің депутаттығына сайланды.

Әр жылдары облыстық кәсіподақ комитетін А.Пешехонова, Л.Скобелкина, А.Буянова, А.Қадырова, В.Верина-Пентенина, Н.Карпова, Х.Ахитова, Н.Жидкова, Н.Звягинцева, Г.Покровский басқарса, жиырма жылға жуық Галина Козыревадан соң 2000 жылдың қаңтарында облыстың медицина қызметкерлері сенім артып, кәсіподақтың Атырау облыстық комитетінің төрағалығына мені сайлады. Оған дейін Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтында оқыған жылдары, Атырау қалалық №1 емханада жұмыс істегенде кәсіподақ ұйымы мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрдім.

Әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен салалық келісім жүйелі түрде қабылданады. Барлық денсаулық сақтау мекемелері ұжымдық шарттың негізінде жұмыс істеп келеді. Медицина қызметкерлері мен олардың отбасыларының денсаулығын сақтау және демалысын ұйымдастыру жөнінде де ауқымды жұмыстар жасалып отыр. Дәстүрлі түрде өтетін қайырымдылық акциялары «Қамқорлық», «Болашаққа жол», «Кәсіподақтың күші – бірлікте», басқа да шаралар медицина қызметкерлерінің абыройын көтеруге септігін тигізуде.

Осы кезең ішінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауда жетістікке жету үшін біліктілікті арттырудың маңызы дәлелденді, халықаралық тәжірибе де қажет етілді. Сондай кездесулердің бірі 2012 жылы Оңтүстік Африка Республикасында болды. Қазақстан делегациясы құрамында Дүниежүзілік ХХІХ кәсіподақтар конгресіне қатысып, әлем елдерінен келген 1200 делегат форум барысында еліне, жеріне, нәсілі мен дініне қарамай кәсіподақтың мақсаты бір екенін айрықша дәлелдеді.

Атырау өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының дамуына ерекше үлес қосқан филиалдың ұзақ жылдар бойы бас есепшісі болған Айсұлу Әжіғалиева, кәсіподақ ардагерлері Кәрім Саспанов, Бауыржан Кенжебаев, Гүлжан Омарова, Гүлжан Жұмаханова, Ирина Башарова, Күләш Қаражанова, Гүлнар Құрманғалиева, Ғапу Қаниев, басқа да белсенді қызметкерлердің есімдерін мақтанышпен айтуға болады.

– Үшінші мыңжылдықтың бас кезінде кәсіподақ қозғалысы тоқырауға ұшырап, жағдайы тығырыққа тірелді. Бүгінгі ахуал көңіл көншіте ме?

– Шынында да сол жылдары еңбекшілердің құқықтық, әлеуметтік жағдайлары нашарлады. Кәсіподақтардың атқарған шаралары нәтиже бермегені рас.

Ал бүгінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек қатынастары мен дауларына зор мән беріліп отыр. Қазір осы негізде республикалық үшжақты келісім комиссиясында, республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері жанындағы әлеуметтік әріптестік комиссияларының мәжілістерінде өзекті мәселелер қаралып, оң шешімі табылып келеді.

«AQNIET» кәсіподағы денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және оларға түзетулер енгізуге әрқашан басымдық береді. Расында да, сала қызметкерлері мен білім алушы жастардың өмір сүру деңгейін арттыру, олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайы мен тұрақты жалақымен қамтамасыз ету – заңнамалық және нормативтік актілердің сапасына байланысты. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Президентіне хат жолдап, Қазақстандық еңбек конфедерациясының ұсыныстарын Үкіметке зерделеуді өтінген еді. Бұл жердегі әңгіме – Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялауға дайындық, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияны реформалау туралы.

Кәсіподақ медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізуге байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобына енгізілді. Республиканың денсаулық сақтау саласы және кәсіподақ ұйымы тарихында коронавирус инфекциясы таралған кезеңі ерекше орын алады. Ол медицина саласының кемшін тұстарын көрсетіп, оны дамытудың қуатты векторы, сондай-ақ беріктікті, кәсіби біліктілікті, мамандыққа деген адалдықты тексеру уақыты болды. Осы қорқынышты уақытта сала көптеген білікті мамандардан айырылды.

Осы кезеңде «AQNIET» кәсіподағы өздерінің басты міндеті ретінде сала қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетті. 2020 жылы инфекцияның өршуі кезінде медицина қызметкерлерінің қызметін жедел қамтамасыз ету үшін кәсіподақтан 40 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 100 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді.

Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау міндеті оның құрылған уақытынан бері маңызын жоғалтқан жоқ. Соңғы жылдары бұл жұмыс жүйелі деңгейде жүргізілуде, сот арқылы қорғау және мемлекеттік органдардың еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау және бақылау мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып келеді.

Егер кәсіподақ мүшесі қиын жағдайға тап болса, оған әуелі заңгер кеңесі беріледі. «AQNIET» кәсіподағы Орталық Кеңесі жанында жұмыс істейтін «Медициналық адвокат» жобасы заңгерлердің сотқа дейінгі шараларға қатысуын қамтамасыз етеді. Егер іс сотқа жетсе, «Қорғау мед» жобасы арқылы барлық сатыдағы сотта қызметкерлердің мүддесі қорғалады.

Медицина қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының еңбегі ұшан-теңіз.

– Әңгімеңізге рақмет. Ұйымның жұмысына сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button