
Ғабдол Сланов атындағы кітапхана 34 мың оқырман қабылдауды жоспарлап отыр
Биыл Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы оқырман-пайдаланушылардың сұранысына орай қосымша кітаптар алып, 34 мың оқырман қабылдауды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық кітапхана қоры былтыр мемлекеттік тапсырыспен республика баспаларынан жарыққа шыққан 4 мыңға жуық кітаппен, оның ішінде қазақ тілінде 2500 дана әдебиетпен толықты. Сондай-ақ «Мазмұндама баспасы» ЖШС-нен шыққан 630 дана, зағип жандарға арналған 81 дана әдеби кітаптармен жаңартылды.
–2025 жылдың 1 қаңтар айындағы есеп бойынша облыстық кітапханамыздың кітап қоры 360 мың дана басылымды құраса, оның 118 мыңға жуығы — қазақ тіліндегі кітаптар. Нақтырақ айтқанда, жалпы кітаптар саны 356573 дана, газеттер саны 975 дана, электронды құжаттар саны 2407 дананы құрады. Ал журналдар саны 2289 данамен кеңейді. Бұдан бөлек кітапханада 1873 жылдан бастап жинақталған мың шақты сирек кітап бар. Олардың ішінде өлкетануға қатысты 110 құжат сандық форматқа ауысты, — дейді кітапхана директорының орынбасары Мейрамгүл Дәулетқалиева.
2024 жылы кітапхана 33 мың оқырманды қабылдады, олардың ішінде ең үлкен үлесті жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері құрады. Жалпы келушілер саны 218 мыңға жуықтап, оқырмандарға 420 мың кітап берілген.