Франциялық компания Қазақстанда энергетика бағытында кадр даярлайтын кеңсе ашпақ
Бүгін Астанада өткен KazAtomExpo халықаралық көрмесінде Assystem компаниясының вице-президенті Гийом Пюраве ядролық энергетика саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.
ҚазАқпарат агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, франциялық осы компанияның өкілі Қазақстанның жергілікті мамандарын даярлау бағытында Assystem осында кеңсе ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Егер Қазақстанда АЭС салу жөнінде шешім қабылданса, нақты қанша маман жұмыс істейтінін дәл қазір айту қиын. Бұл тұрғыда АЭС-ті кімдер салатынын анықтап алу керек, содан кейін керек мамандардың саны айқындалады. Атап айтқанда, бастапқыда шетелдік кадрлардың болатыны түсінікті жағдай. Дегенмен, біз осында кеңсе ашуға және жергілікті мамандарды дамытуға екпін қоймақпыз. Осы орайда Қазақстанда мықты мамандардың санын еселеп арттыруға назар аударған жөн», — деді Гийом Пюраве.
Оның айтуынша, кез келген атом электр станциясын (АЭС) салу 10 жылдан асады. Бұл нысанның құрылысына шамамен 20 мың адамды тарту қажет. Осы бағытта мықты мамандар керек болады.
«Ең маңызды міндет — халыққа ақпараттың ашық болуын қамтамасыз ету», — деді ол.
Айта кетейік, көрме аясындағы брифингіде ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин Атом электр станциясын (АЭС) салып беретін вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлауға екпін қойылатынын айтты.
Қазақстанда АЭС салу мәселесіне арналған республикалық референдум туралы Президент Жарлығының жобасы Үкімет қарауына жіберілді.
Бүгін Үкімет отырысында «Қазақстанның атом электр стансасы» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС құрылысына қатысты шорт-парақшаға қай елдер кіргенін атады.