Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Франчайзинг: сіз ол туралы не білесіз?

Қазір кәсіптің қай түрімен айналысуға да мүмкіндік мол. Сауда-саттықпен шектелесіз бе, әлде отандық өнім өндіресіз бе? Ол өз еркіңіз. Бірақ, көп реттерде бизнес иелері тауарларын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, брендке айналдыруға қыруар қаражат керектігін айтады. Сондықтан, бүгінде кәсіпкерлерге франчайзинг арқылы белгілі марканы сатып алу ыңғайлы.

Франчайзинг

ЖАРНАМАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Жаңаның аты – жаңа. Нарықта бұрын-соңды болмаған өнімді тұтынуға көптің көңілі дауалай бермейді. Өйткені, әркім сапалы зат немесе азық-түлік сатып алғысы келеді. Ал, құлаққа әбден сіңісті бренд тауарды ойланбастан-ақ кәрзеңкеге сала қоямыз.

Әрине, мұндай жетістікке жету жолында компанияларға біраз тер төгуге тура келеді. Сапалы жаңа тауар өндірісінен бөлек, оны халық арасында насихаттау үшін жарнамаға да қыруар қаражат жұмсалады. Алайда, осы еңбек зая кетпейді. Мәселен, көйлек-көншектер шығаратын «Zara», «Mango», спорттық киімдер үлгісінде «Adidas» фирмасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Тұрмыстық тауарлар туралы әңгіме қозғалғанда, алдымен «Тайд», «Ариель» кір жуғыш ұнтағы мен «Фэйри» ыдыс шаятын гелін еске аламыз. Мұхиттың ар жағында, өзге құрлықта пайда болған өнімді айшылық алыс жердегі жандар жақсы таниды. Жарнаманың құдіреті де осы.

Ал, дүние жүзіне белгілі брендті Италиядан немесе АҚШ-тан іздеудің қажеті жоқ. Бүгінде танымал компаниялар тауарларын франшиза арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізеді. Оның үстіне, өнімді брендке айналдыру үшін жұмсалатын инвестицияны қазақстандық бизнес иелерінің басым бөлігінің қалтасы көтермейді. Сондықтан, кәсіпкерлерге франчайзинг арқылы танымал тауар маркасын қолдану құқығын сатып алған тиімдірек. АҚШ, Канада, Ұлыбритания секілді елдер бюджетінің басым бөлігін осындай компаниялар қамтамасыз етіп отырған көрінеді.

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Жалпы, «франчайзинг» термині француздың «franchise» — жеңілдік, артықшылық, сонымен қатар, салық пен жарналардан босату сөзінен пайда болған. Еліміздегі оның даму тарихы егемендік алған жылдардан басталады. Бұл кезеңде ол тамақтандыру саласында алғашқы қадам жасады. Содан соң өндірістік және сервистік салада қалыптасты.

Естеріңізде болса, 1994 жылы Қазақстанның сусындар нарығында шетелдік «Coca Cola» тауары ұсынылды. Газдалған су өндіру және өткізумен айналысатын кәсіпорын ізімен 1995 жылы Алматы қаласында «Алматы Кока Кола Ботлерс» зауыты ашылды. Ол өз қызметінде өндірістік франчайзингті қолданды, яғни зауыт өндіріс технологиясы, сусындарды әзірлеу мен құю жүйесі және тасымалдау шарттары аты әлемге танымал компания сипаты бойынша жасалды. Содан соң қазақстандық нарықта франчайзингпен отандық «Сеймар» инвестициялық-өнеркәсіптік компаниясы пайда болды.

Қазақстан Республикасында бұл қызмет түрін 2002 жылдың 24 маусымында қабылданған «Кешендік кәсіпкерлік лицензиясы (франчайзинг) туралы» заң реттейді. Сондай-ақ, оны өркендету және мұндай компаниялар мен оған қызығушылық танытушы заңды тұлғаларды біріктіру мақсатында 2002 жылдың ақпанында қазақстандық франчайзинг ассоциациясы құрылды. Ол франшизаға қатысты шұғыл ақпаратпен, кеңестік және әдістемелік көмек көрсету, ассоциация мүшелерінің мүдделерін түрлі халықаралық және мемлекеттік органдар мен ұйымдарда таныту және құқығын қорғауды қамтамасыз етумен айналысады.

БРЕНДТІҢ АТЫ – БРЕНД!

Соңғы жылдары елімізде табысты қызмет етіп отырған әйгілі франчайзингтік брендтер қатарында «1С», «MaxMara», «Bally», «Dolche & Gаbanna», «Патио Пицца», «Планета Суши», «Американский Бар и Гриль», «Хесбургер», «Баскин 31 Робинс», «World Class» — фитнес клуб, British Airways, Euro Car және тағы басқалары бар.

«Фаст фудтың» денсаулыққа тигізер зияны мен «Кока Коламен» әжетхана мен көлік дөңгелегін айнадай етіп жууға болатыны сан мәрте айтылғанмен, жұрт әлі тез тамақтану орындарына баруын тоқтатар емес. Рас, компаниялар да өнімін өткізуге аянып жатқан жоқ. Халықты көптеп тартуға бағытталған акциялар, түрлі сыйлық беру арқылы тұтынушыларының қызығушылығын тудырып отыр.

Жуырда Астанада ашылып жатқан тез тағам орталықтарының жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткеніне таң қалғанымыз бар. Өйткені, Атыраудағы жалғыз осындай орында үнемі кезек болады. Сөйтсек, елордалық сондай кафелердің барлығына қай күні, қандай уақытта барсаңыз да халық лық толы екен. Міне, брендтің пайдасы.

Тағы бір мысал. Әйгілі «Apple»-дің негізін қалаған атақты кәсіпкер Стив Джобстың туындылары да нарықты жаулап алғалы қашан?! «Айфонның» өзге ұялы телефондардан айтарлықтай айырмашылығы болмаса да, жұрт бірнеше мыңға соны сатып алуға құмар. Тіпті, сарапшылар үлкен де, кіші де иеленуге құмар өнімнің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ екенін де дәлелдеді. Бірақ, көпшілік «Айфон» сұрайды. Бұл да – брендтің арқасында жеткен жетістік. Демек, бизнес иесіне тұтынушының өзі іздеп жүріп алатын тауар сатқан тиімді.

ЖАС КӘСІПКЕРГЕ – ТИІМДІ МҮМКІНДІК

Жеке кәсібін неден бастарын білмей жүргендерге франчайзинг – ұтымды мүмкіндік.

«Жиған-терген қаражатымды мақсатты жұмсамақ оймен, әрі «бір тиынды екеу етейін» деп бизнесімді ашқанды жөн көрдім. Бұрын-соңды кәсіпкерлік саласынан хабарым аз болғандықтан, франчайзинг бойынша тауар маркасын сатып алғым келеді. Әлі іздеп жүрмін»,-дейді бізбен әңгімесінде қала тұрғыны Ботагөз Шеркешбаева.

Бүгінде сала мамандары Қазақстанда жүзге жуық оператор-фирмалармен іскерлік қарым-қатынас жасайтын қазақстандық франчайзинг қауымдастығына біріктірілген. Сервистік қызмет бойынша мұндай қатынастар жүйесінің таралу аумағы әр алуан, бірақ, тұтастай алғанда, жалпы әлемдік тенденцияларға сәйкес келеді. Әлемде франчайзинг бойынша дамып келе жатқан жетпістен астам бизнес түрі бар. Алайда, елімізде ол әзірге көбіне-көп шапшаң тамақтандыру, мейрамханалық бизнес, сауда және қызмет көрсету жүйесіндегі кәсіпорындарды қамтиды.

Мәселенің мәнісіне тереңірек бойламақ мақсатта бірнеше маманмен тілдесіп көрдік. Білгеніміздей, кәсіпкерлерге бұл саланы дамыту үшін жеңілдіктер жасалады екен. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы құзыреттілікті арттыру бағдарламалары бойынша бас менеджері Роза Байсалықованың айтуынша, қордың «Даму-Франчайзинг» арнайы бағдарламасы бар.

«Бизнесменнің франшиза сатып алуға қаражаты жетпесе, банктен несие алуға жүгінетіні белгілі. Бұл ретте қор несие алушыларға 85 пайызға дейін кепіл бола алады. Бұдан басқа да ұсынатын тиімді шарттарымыз көп»,-дейді Роза Мұхамбетқызы.

Атырауда «Знамус» оқу орталығын құрған Зейнеп Астраханцева франчайзинг саласын жетік меңгерген екен. Бастапқыда осылай жұмыс жасаған ол бүгінде өз өнімін ұсынып отыр. Оқушыларды мектепке дейін даярлауда үздік білім ордаларының бірі саналатын «Знамус» үлгілі шәкірттерімен мақтанады. Ал, мұндағы ментальді арифметика пәнінің жүргізу тәртібі Ресейдегі «Абакус» орталығынан франшиза арқылы сатып алынған.

«Менің ойымша, франшиза жеке ісін неден бастарын білмей жүрген жас кәсіпкерлерге тиімдірек. Сатып ал да, бизнесіңді дамыта бер. Себебі, дайын бизнестің нақты бағыты, жүргізу тәртібі болады. Бірақ, оның өзіңе ұнамаған тұстарын өзгерте алмайсың. Яғни, шектеу бар. Ал, мен табиғатымнан көңіліме ұнағанды жасағанды қалаймын, жеке өніміммен жұмыс істегенді ұнатамын. Бұған дейін франшиза бойынша бірнеше жыл еңбек етіп көрдім. Мәскеудегі білім беру орталықтарының франшизаларын пайдаландық. Алайда, олардың оқу бағдарламаларына біз дағдыланбағанбыз. Сондықтан, тек ментальді арифметика пәнінен ғана сатып алып отырмыз. Әрине, ол бізге үлкен табыс әкеледі деп айта алмаймын. Дегенмен, сол орталықтың бағыты көңілімізге қонады»,-дейді бізбен әңгімесінде Зейнеп Астраханцева.

Р.S: Сарапшылар мен осы салада жұмыс істейтін мамандар франчайзингтің тиімділігімен қатар, кемшілігі барын да жасырмайды. Себебі, қалыптасқан бизнеске ешкім қолұшын тигізе алмайды. Яғни, жеке кәсіпкер болсаңыз да, біреудің, дәлірек айтсақ, автордың өніміне бағынышты боласыз. Сондықтан, франшизаға қадам басқан уақытта соны жадымыздан шығарып алмағанымыз жөн.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button