Фонограммасыз ән айта алатындар қалмаған ба? (ФОТО)
Бүгінгі күні сахнадағы әншілердің беделіне әнді фонограммамен айтатын немесе той әншілері нұқсан келтіріп жүргені жасырын емес. Әрине, сахнаның қадір-қасиетін жетік білетін әншілер легін де жоқ дей алмаймыз. Шүкір баршылық. Соның бір айғағына өткен аптада 60-70-80 жылдардың лебін сездірген «Әуелесін әніміз» атты вокалды аспапты ансамбльдердің аудандық байқауында көз жеткіздік. Ол Көздіғара ауылдық округіндегі «Самал» мәдениет үйінде болып өтті. Ондағы мақсат – вокалды аспапты ансамбльдерді халыққа жаңа қырынан танытып, жанды дауыста ән шырқап, болашақта компьютердің өңдеуінсіз халыққа таза вокалды аспапты ансамбльдердің сүйемелдеуімен әуендерді жеткізу.
Байқауға 60-70-80 жылдардағы ретро ән, композиция немесе бір шығарма, еркін тақырыптағы әлем әуендері атты шарттар бойынша Ойыл, Көздіғара, Мұқыр, Жамбыл, Қызылқоға, Жангелдин ауылдық округтерінен үміткерлер қатысып, бақ сынады. Сахна шымылдығын көздіғаралық «Мерей» вокалды аспапты ансамблі ашып, «Теріскей», «Қуанышым менің», «Сағыныш» (вокалдық әуен) атты әндерді жанды дауыста ерекше тебіреніспен орындады. Одан соң, Ойыл ауылдық округінен Қуанбай Жасқанат жеке орындауда «Тұмарым», Мұқыр ауылдық округінен «Арай» вокалды аспапты ансамблі «Кездесу», «Жыр жазамын жүрегімнен», пояк әні «Сұлу қызды» тамылжыта орындаса, Жамбыл және Қызылқоға ауылдық округтерінен қатысқан «Қаракөл жастары» мен «Қызылқоға толқыны» вокалды аспапты ансамбльдері «Как быть», «Сағындым Алматымды», «Синий, синий» әндерін шырқап көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Ал, жангелдиндік «Жайлау тынысы» вокалды аспапты ансамблі «Кездесерміз», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Менің әкем ең жақсы адам» әндерімен байқау шартын тәмамдады. Байқау нәтижесінде, бас жүлдені мұқырлық «Арай» вокалды аспапты ансамблі иеленсе, Көздіғара ауылдық округінен қатысқан «Мерей» вокалды аспапты ансамблі І орынды, жангелдиндік «Жайлау тынысы» вокалды аспапты ансамблі және Қаракөл, Қызылқоға ауылдық округтерінің вокалдық аспапты ансамбльдері ІІ орынды еншіледі.
Әрине, кенже қалып келе жатқан өнерді дәріптеу кейінгі ұрпақ үшін игі істің бірі. Осы орайда, барлық ауылдық округтерден қатысқан вокалды аспапты ансамбльдер құрамында жастардың да табылуы көңілге көрік ұялатты.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА