
«FLUOR KAZAKHSTAN INC.» КОМПАНИЯСЫ UTEBAYEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІНЕ СТИПЕНДИЯ ТАБЫСТАДЫ
UTEBAYEV UNIVERSITY өңірдегі өндірістік компаниялармен ынтымақтастық орнатып, студенттерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Осы бағытта университет түрлі өндірістік тәжірибелер, жобалық жұмыстар, қолдаулар мен стипендиялық бағдарламаларды ұйымдастырып, студенттер үшін мол мүмкіндіктер ашып отыр.
Бүгін UTEBAYEV UNIVERSITY-де «FLUOR KAZAKHSTAN INC.» компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға компанияның Бас директоры Стивен Салмон, Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Лаура Гаммаева, инжиниринг менеджері Карл Люк және жетекші инженер-технолог Герхардус Смит қатысты. Кездесуде университет пен компания арасындағы болашақ ынтымақтастық мәселелері, кадр даярлау және инженерлік жобаларды дамыту туралы сөз қозғалды.
«FLUOR KAZAKHSTAN INC.» компаниясы университеттің белсенді студенттері Артур Астамиров, Ернар Акрапов, Мақсат Рысқали, Әлия Садырғалиға атаулы стипендия табыстады. Сондай-ақ, компанияның демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан студенттік ғылыми жобалармен танысты. Баламалы энергетика саласындағы үш жоба қоршаған ортаны қорғау, энергия тиімділігін арттыру бағыттарына арналған.
-Fluor компаниясының тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктері университеттің білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және болашақ мамандарды даярлауға оң ықпал ететіні сөзсіз. Біздің серіктестігіміз білімгерлерімізге өндірістік тәжірибеден өтуге, жетекші мамандардан дәріс алып, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуға жол ашады деген сенімдеміз, — дейді UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова.
Компания өкілдері студенттердің ұсынған ғылыми жобаларын жоғары бағалап, ғылыми жұмыстардың болашақтың энергетикалық мәселелеріне тиімді шешімдер ұсынуға бағытталған, әрі экологиялық таза энергия көздерін пайдалану саласындағы инновациялық зерттеулерге қосылған маңызды үлес деп атап өтті. Болашақта компанияның қолдауымен студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіретін жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.