Жарнама
Жаңалықтар

ФАРИЗА АҚЫН АТЫНДАҒЫ АТАУЛЫ СЫНЫП

Өлеңін өмірінің айнымас серігі қылған Ұлы ақынға арнап 2015 жылдың 23 қаңтары күні осы мектепте атаулы сынып ашылды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры Айдарбек Айтбукешов жүрегі жанартаудай жалындап өткен ақынның екінші ғұмыры – жыр-ғұмыры басталғанын айта келіп, бұл шараның маңызына тоқталды.

«Тәрбиесіз берген білім апат әкеледі» деп Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз жүздеген жылдар бұрын айтып кеткен болатын. Міне, сондықтан, жас жеткіншектердің рухани әлемін байытуға күш салғанымыз дұрыс. Фариза Оңғарсынқызына арнап атаулы сынып ашуымыздың өзі де осындай үлкен мақсаттан туындап отырғанын атап айтты мектеп басшысы.

Атаулы сыныптың лентасын мектеп директоры Айдарбек Төлепұлы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп қиды.

Поэзия падишасымен бір курста бес жыл қатар оқығанын мақтанышпен айтқан Қадыр Өтегенұлы естеліктерді есіне алып, әңгіменің тиегін ағытты.

 Одан кейін сөз алған ақынның құдасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Таубаев та жарқын күндерді тебірене еске алды.Бұл шараға Фариза Оңғарсынованың сіңлісі Арита Асқарқызы да қатысты. Педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанова да ақын поэзиясы туралы мәнді әңгіме қозғады.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редакторы Балауса Халелова өз кезегінде ақын апасымен алғаш кездесіп, телехабар дайындаған сәттерін сағынышпен еске алды.

Ана тіліміздің жанашыры Ғалия Туманова да өзінің поэзияны сүюдегі алғашқы қадамы Фариза ақын жырларынан бастау алғанын айтты.

Шараны бастан-аяқ өздері ұйымдастырып, өздері жүргізген бұл мектептің оқушылары арасында болашақ ақындар, талантты жазушылар, әдебиет зерттеушілері де бар екен. Оны олардың оқыған өлеңдері мен толғана сөйлеген сөздерінен аңғардық. Фариза Оңғарсыноваға арналған оқушылар шығармашылығының жинағы шығыпты. Балауса жырлардағы мөлдірлік жан тебірентеді.

«Жастар – жара түспеген жанына әлі,

Түсінгендей жанымды табынады:

Менің асқақ һәм мұңды жырларымды

Іздеуі хақ солардың, сағынары», — деп жырлаған Фариза Оңғарсынованың жырлары поэзия көгінде биікке самғап бара жатыр екен. Жастардың қауырсын қаламынан шыққан өлеңдерден ақынға деген сағыныш лебі есіп тұрды. Қазақтың осындай өрендері барда Фариза есімі ешқашан ұмытылмайды

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсіргенЕрлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button