Еуропадағы сенімді әріптес

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сәрсенбі күні «Атырау мұнай және газ – 2016» Солтүстік-Каспий аймақтық көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан Нидерланд  Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хенри Хуберт Дриссерді қабылдады.

Аймақ басшысы нидерландтық елшіге облыс аумағында бұл елмен тым-тәуір іскерлік қарым-қатынастың орныққанын, бизнес өкілдері қазыналы өңірге келіп, 88 компания құрып, жұмыс жасап жатқандығын, инвесторларға барынша қолайлы орта қалыптасқандығын және алға қарай да мұндай өзара тиімді іскерлік-ынтымақтастық байланысты одан әрі жетілдіре түсудің  мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді.

– Біздің өңір – тек мұнай мен газ өндірісінен басқа, мұнай-химиясы кластерін, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, жылыжай шаруашылығын дамытуға, сервистік қызмет көрсетуге де қолайлы аймақ. Жергілікті атқарушы билік пен нидерландылық бизнес өкілдері арасында іскерлік байланыстың одан әрі қарай дамуына мүдделілік танытуға, сіздің елдің іскер азаматтарының  тың  бастамалары мен жаңа жобаларын іске асуына еліміздің қолданыстағы заң шеңберінде қолдау мен көмек көрсетуге әзірміз, – деді Нұрлан Асқарұлы.

 – Қазақстан мен Нидерланд  елдерінің ұстанымы бір, өзара байланыс нығайып келеді. Екі ел арасында жасалған меморандум өз нәтижесін беретін болады. Нидерланд  сіздердің экономикаңызда ірі инвестор болып табылады. Біз Қазақстанның сенімді әріптесіміз, – деп бағалаған Хенри Хуберт Дриссер мырза одан әрі екі ел халқының саны шамалас болғанымен, Қазақстанның жер көлемі Нидерланд елінен алты есе үлкендігіне, келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне күн, жел энергиясын өндіруші компаниялардың қызығушылығы басым екендігіне және бұл көрме экономикалық қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретіндігіне тоқталып өтті.

Дипломат екіжақты іс-қимылды нығайтып, ынтымақтастық тамырын тереңдетуге бар күш-жігерлерін салуды өзінің абыройлы міндеті санайтындығын айтып, өзін қабылдауға ынта-ықылас танытқан облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз