Еуразиялық экономикалық одақ: ортақ нарықты қайтсек тиімді етеміз?
Жақында Еуразиялық экономикалық одақ бестігі Астанада бас қосты. Он төрт мәселе қаралған Еуразиялық одақтың жоғарғы кеңесінде мемлекет басшылары өзара ортақ нарықты қалыптастыру мәселесіне көбірек назар аударды.
Әлемдік картада қалыптасқан геосаяси ахуал, Мәскеуге салынған санкциялар, ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында әр елдің «көрпені» өз мүддесіне қарай тартатыны белгілі. Десек те, ішкі ортақ нарықты тиімді жағдайда қалыптастыру үшін не істеу қажет?
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев «әр ел өтімді тауарлардың сапасын, көлемін арттыра отырып, оны өндіруді ұлғайту керек» деп есептейді. «Мәселен, жақында Ресей Белоруссияның азық-түлік өнімдерін түрлі себептермен кері қайтарып жіберді. Сол себептерге талдау жасасақ, тауар сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келуі керек болады. Одақ ішінде шығыны көп тауарларды өзара келісім бойынша қабылдайтын позиция да бар. Сондықтан, Қазақ елі осы екі бағамды да ұтымдырақ пайдалануы керек» дейді ол.
Рас, Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Десе де, дәл қазіргі жағдайда Қазақстанның қандай өнімдеріне сұраныс күшті? Бұл сұраққа ең алдымен берер жауабымыз — астық. «Өйткені, еліміз жылына 16-17 миллион тонна астық өндіріп, оның 8-10 миллионын сырт мемлекеттерге экспорттап отыр. Бидай өндіруден жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша біз әлемде көш бастап тұрмыз. Ең басты тауарымыз — бидай. Сондықтан, оның сапасын арттыруға көбірек назар аударуымыз керек» дейді ғалым. Мұнай мен газ секторын қоспағанда, бұдан кейін түрлі-түсті металлдар, ауылшаруашылығы өнімдерін атай аламыз. Бірақ, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан бөлек, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігін ескерсек, әлемдік нарыққа өнімді алушы емес, беруші мемлекет ретінде баруда, экономиканы әртараптандыруда әлі көп жұмыстар атқаруға тура келеді. «Мәселен, еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің көрсеткіші 93 пайыз болғанымен, осы сектордағы өндірілетін өнім көлемі 20 пайызды ғана құрайды екен. Сондықтан, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жіті қадағалуында тұрған «Нұрлы жол», «Ұлт жоспары», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» жүзеге асыруда нақты нәтижелерге жұмыс істеуге тура келеді» дейді профессор Бақтыбек Таубаев.
«Аtyrau Innovations» ЖШС директоры Азамат Асылбеков «трансформаторлар, цемент, аяқ киім, астық, пластмасса өнімдерінің экспортын одан әрі ұлғайту керек» дейді. «Атырауда салынып жатқан мұнай-химия кешені іске қосылған жағдайда бұл тізім мұнай, химия концентраттарымен жалғасатын болады» дейді ол.
Әрине, одақтың құрылуы, қалыптасуы, одан кейін дамуы бар. Сондықтан, уақытша қиындықтардан шығу жолдарын іздестірумен бірге, бізге технология қозғалысында туындайтын еркіндікті тиімді пайдалануға тура келеді. Бизнес үшін мемлекеттік сатып алуларға да жол ашылып отырғаны белгілі. Ал, ең бастысы, одақ ғаламдық экономикада бой көрсеткен жағымсыз факторлардан қорғану «иммунитетін» күшейтуге, Қазақстанның транзиттік және инвестициялық әлеуетін кеңейте түсуге мүмкіндік беріп отыр. Демек, мұндай интеграция – жалпыөңірлік тұрақтылықтың, одаққа мүше елдер экономикасын бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маңызды факторы.
P.S.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің интеграциялық саясаттағы басты жетістіктерінің бірі ретінде аталып жүр. Бұл шындық. Өйткені, одақ болашақта бәрібір Еуропа мен Азияны жалғайтын көпір ретінде жұмыс істейтін болады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Сіз не дейсіз?
Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:
Одақтың әлеуетін пайдалану керек
Интеграция — күн тәртібінде тұрған мәселе. Біз – Орта Азия континентінде орналасқан үлкен елміз. Десе де, мейлі саяси, мейлі экономикалық қауіпсіздігімізді бірігіп қорғауға міндеттіміз. Африка, Азия, Америка, Еуропа, Таяу Шығыс елдеріндегі саяси, экономикалық, әскери дағдарыстарды есепке алсақ, бізге бәрібір осындай мәселелерден қорғануда Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдалануға тура келеді.
Асылбек Жакиев,
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша филиалының директоры:
Экономикалық мүмкіндіктер жоғары
Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің екінші экономикалық тынысының ашылуына мүмкіндік береді. Әлемде Батыс Еуропа Одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сынды өзін мойындатқан ірі құрылымдар бар. Бұл одақтардың қай-қайсы да өзіне мүше мемлекеттердің экономикалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Міне, ЕурАзЭҚ те сол ұйымдар секілді әсіресе бизнеске, елімізге инвесторлар тартуға жаңа жолдар ашып отыр. Уақытша қиындықтар бар. Бірақ, түптің түбінде біздің экономикамыз жаңа белеске көтерілетін болады.