Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

«…ЕСТІМЕДІК, КӨРМЕДІК» Атыраудағы рейд нені көрсетті?

Аtr.kz/16 маусым, 2020 жыл. Атырау қаласында карантин аяқталғанымен, қосымша шектеулер сақталуда. Жергілікті бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы осы мақсатта қабылданды.

Бүгінде аталған құжаттың талаптары қаншалықты орындалуда? Бұл шектеу шараларын қадағалау үшін құрылған арнайы мобильдік топтың рейдке шығуына себепші болды. Ол топтың құрамында «Атырау» газетінің тілшісі де болып, мән-жайға қаныққан еді.

 «…ЕСТІМЕДІК, КӨРМЕДІК»

Арнайы мобильдік топтың алғаш бас тірегені – «Ақбаян Коллекшн» сауда үйі болды. Киім-кешек сататын сауда орнына келіп жатқан адамның қарасы көп. Дегенмен, мұндағы сатушылар да, сауда жасаушылар да ең басты, әрі қарапайым талапты орындамайды екен. Ешкім қолғап киіп, бетперде тақпаған.

Топты бастап жүрген Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Орынбек Зирек сауда иелерінен мұның себебін сұрады. Қабылданған қаулыға сәйкес, көпшілік жерде бетпердесіз жүруге болмайды. Бұл талап баршаға ортақ саналғанымен, оны кәсіпкерлер сақтай бермейді.

– Карантин тәртібі жеңілдетілді деп ойладым. Бетпердесіз қызмет көрсетуіме осы жағдай себепші болды. Карантин талаптары әлі өз күшінде екенін бізге ешкім ескертпеді. Бұл жөнінде жауапты мамандар түсінік жұмыстарын жүргізбеді. Ал, әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, жалған ақпараттар көп, — деді кәсіпкер.

Сыныққа сылтау көп болғанымен, дүкен иесінің айтуы да орынды секілді. Қаулыдағы өзгерістерге байланысты түсінік жұмыстары неге жүргізілмеді? Біз бұл сауалды топ басшысы Орын­бек Зирекке қойғанбыз.

– Қаулының мәтіні жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жарияланды. Ал, оны­мен дер кезінде танысып, тиісті ережелерді сақтау – әр азаматтың заң алдындағы міндеті, — деп жауап берді сұхбаттасушымыз.

 ШАҒЫМ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

«Беріш» дүкенінде де қаулының орындалмай жатқаны анықталды. Ет сатумен айналысатын сауда орнындағы қызметкерлер бетпердесіз жүр. Талапқа сай емес тұсты бейнекамераға түсірген топ сауда иесіне кемшілікті қайталамауы туралы ескертті.

Осы орайда оқырмандарда «тәртіп бұзған кәсіпкерлік нысандары қалай анықталады?» деген сауал туындайды. Біз оның да жауабын білдік. «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалы сарапшы­сы Құралай Жұбанованың айтуын­ша, мұндай мәліметтер көп жағдайда тұрғындардың өздерінен түседі. Кімнің қандай талапты орындамай отырғаны туралы әлеуметтік желіде де жарияла­нады. Оны сараптаған мамандар олқы тұсты дөп басады.

 – Кәсіпкерлер палатасы – биз­нес иелерінің мүддесі мен құқығын қорғау үшін құрылған мекеме. Сол себепті, палата тарапынан оларға қажетті ақпараттар мен кеңестер беріліп отырады. Бұған құлақ аса­тындары бар және керісінше, мүлде ескермейтіндері де табылады. Бірақ, заң – бәріне ортақ. Оны кәсіпкер де, басқасы да орындауға міндетті. Ал, мобильдік топ тек ескерту береді және жиналған материалдарды прокуратураға жолдайды. Бұдан кейін екінші рет ескерту алса, әкімшілік жаза қолданылады. Тәртіп бұзғандарға қатысты тағы қандай шара алынады, мұны заң өкілдері шешеді, — деді фи­лиал сарапшысы.

ҚАУІП ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

Мобильдік топ нысанаға алған келесі нысан – «Hero» ойын клубы. Атырау қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында көрсетілгендей, ғаламтор және ком­пьютер клубтарының қызметіне уақытша тыйым салынған. Мұның бәрін Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілі Ернар Әбілқайыров аталған клубтың әкімшісі Аманжан Камаровқа егжей-егжейлі түсіндіріп берді. Сұрастыра келсек, кәсіпкер қаулының шыққандығынан хабарсыз болып шықты. Оған ескерту беріліп, тиісті шарасын алу тапсырыл­ды. Ал, ойын клубы сол сәтте жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

– Бұл рейд күн сайын өткізіледі. Мақсаты – тәртіпке бағынбаған тұрғындарды дер кезінде анықтау. Себебі, коронавирус індетінің қаупі әлі сейілген жоқ. Тіркеліп жатқан жаңа науқастар да бар. Сондықтан, арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе, адам­дар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда бетперде мен қолғап кию, антисептик пен басқа да қорғаныс құралдарын қолдану міндеттеледі, — деді Ернар Әбілқайыров.

Мобильдік топ құрамында Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы да болды.

«Мен өзіме бөлінген аумақта карантин талаптарының сақталуына жауаптымын. Бұл жерге орталық Сәтбаев даңғылы да кіреді. Ал, мұнда түрлі қызмет көрсету орталықтары мен қоғамдық орындар көптеп шоғырланған. Соның бәрінде шектеу шаралары сақталып жатыр ма? Бұл – біздің бақылауда ұстап отырған жағдай» деді аға лейтенант Асылбек Халел.

 P.S.

Рейдтік топ бұдан соң да бірқатар нысандарға барды. Кемшіліктерге жол бергендерге ескерту жасады. Кәсіп иелеріне қатысты тиісті хаттамалар толтырылды. Бұл құжаттардың барлығы жауапты орындарға жолданады. Соңында құзырлы органдар нақты шешімдер қабылдайды. Ал, ескерту алған кәсіпкерлер келесі жолы қателікке бой алдырмағаны жөн.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Сурет автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button