«ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН ЕРЕК КҮН»

дейді  Елбасымен  кездескен  ақын  қыз 

Халықаралық әйелдер күніне орай өткен «Көктем шуағы» атты Мемлекет басшысының мерекелік кешіне атыраулық ақын Әлия Дәулетбаева да қатысып қайтты. Елбасымен алғаш рет кездескен ақын қызды әуежайдан қарсы алған журналистер оны бірауыз сөзге тартты.

– Президентпен кездесу үлкен әсер қалдырды. Оған еңбек адамдары, қазақ өнерінде, қоғамда өзіндік орындары бар арулар қатысты.  Мемлекет басшысының құттықтау кешіне қатысу – кез келген жанның маңдайына жазыла бермейтін бақ. Бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, жарқын болашағымыздың кепілі болып отырған Елбасының алдында болу, оған өзімнің лебізімді білдіру және оның қолдауына ие болу мені қатты қуантты. Және ол кісінің мені «Фариза ақынның ізбасары» деп атағаны мерейімді асырды. Кездесуге дейін толқып жүрдім. Ал, салтанатты шарада Президентті көргеннен кейін барлық қобалжуым басылып, өзімді еркін ұстадым. Елбасының алды өте кең. Мемлекет басшысы залға кіріп келген сәтте ол кісіден кеңдіктің, дархандықтың аурасы сезіліп тұрды. Бізге отандық дизайнерлердің әшекейі мен гүл шоқтарын тарту етті. Кездесуден түйгенім – болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Бізді қорғайтын мемлекет, Мемлекет басшысы бар. Сол себепті, еңбек етіп, жақсы шығармаларды өмірге әкелуім қажет, – дейді Әлия.

Айта кеткен жөн, Әлия Дәулетбаева 1978 жылы Атырау облысының Индер ауданында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы.

«Кез келген әйел үшін ең үлкен бақыт – отбасының амандығы. Балаларыңның алдыңнан қуанып жүгіріп шыққаны, «анашым» деп құшақтап, бетіңнен сүйгені, солардың қызық-рахатына бөленіп, күлкісін көру нағыз бақыт деп ойлаймын», – дейді кейіпкеріміз.

 

Рита Жайғалиқызы.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз