«ЕСТЕЛІК ҚАБЫРҒАСЫ» – БОЗДАҚТАР ҮШІН!
Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де қан майданның беймәлім тұстары әлі көп. Мәселен, маңғыстаулық Боран Қалиев (Маңғыстау кезінде біздің облысқа қараған) Берлинді алғаш ұшақтан бомбылаған қазақ екен. Алайда, бұл туралы бұрын көп айтылмаған еді. Сонымен қатар, Подольскідегі әскери мұрағат материалдары бойынша бір отандасымыздың кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны анықталуда.
Брифингке қатынаса отырып естігеніміз, 9 мамыр күні Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік алаудың» қасынан салынған «Естелік қабырғасы» мемориалдық кешені ашылады. Оған соғыста қаза тапқандардың есімдері ойылып жазылған. Қазір аталған нысандағы ауқымды жұмыстар аяқтала келіпті. Тағы бір тоқталары, Астанадағы әскери шеру және Жеңіс күні құрметіне орай өткізілетін шараларға 15 атыраулық майдангер аттанған. Ал, Мәскеудегі әскери шеруге биыл Атыраудан ешкім бармайтын көрінеді.
«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары Мерген Қапашев және қорғаныс жөніндегі департаменттің өкілі Марат Ізмағамбетов журналистермен кездесуде бүгінгі әскери өмірдің ерекшелігі, келісім-шартпен қызмет етудің артықшылығы турасында кеңірек әңгімелеп берді.
Азамат БАЗАРБАЕВ.