Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ескі көліктің иесі мүлкін тапсырып, ақшасын алады

Елімізде утилизациялау бағдарламасы аясында ескі көліктерді қабылдау жүріп жатыр. Қазір республиканың 17 қаласында қабылдау бекеті ашылған. Атырау қаласы, Атамбаев көшесі –7  мекен-жайындағы нысанның да қазіргі қызметі қауырт. Пайдаланудан қалған техникаларды қабылдау жұмысы қалай жүруде?

машина

Биыл 40 мың техника қабылданады

Былтырғы қарашаның 21-нен бастап ел аумағында ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы жүзеге асуда. Пилоттық негізде қолға алынған жобаның бүгінде алғашқы нәтижелері бар. Жаңа жылға дейінгі ай жарымда республика бойынша 5665 жарамсыз техника өткізілді. Атырау облысында 136 «темір тұлпар» иесі өтемақысын алды. Бағдарлама 2017 жылдың 17 қаңтарынан бастап толығымен іске қосылуда. «ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы» ЖШС-нің баспасөз хатшысы Әсел Назированың айтуынша, биыл 40 мың ескі көлікті қабылдау жоспарланып отыр. Оған мемлекет қазынасынан квота қарастырылып, тиісті қаражат бөлінген. Бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын жылжымалы мүліктер қабылданады. Болашақта ескі ауыр техникаларды өткізу мүмкіндігі де қарастырылуда.

– Тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасы Энергетика министрлігінің тапсырмасы бойынша жасақталды. Ол экологиялық ахуалды жақсартуға, материалдарды қайталап өңдеу және қайталап пайдалану пайызын арттыруға бағытталған, – дейді баспасөз хатшысы.

Бекеттегі қарбалас

Бүгінде Атыраудағы қабылдау бекетіне келушінің саны көп. Жаңа жобаға байланысты туындаған сұрақ та аз болмай тұр. Оның барлығына серіктестіктің аймақтық менеджері Қуаныш Омарғалиев жауап беріп үлгеруде. Мәселен, Атыраудың тұрғыны Мұрат Мұқанбетов 1990 жылы шыққан «Опель-Омегасын» әкеліпті. Ал, Арал Мәлік пен қала іргесіндегі Ақсайдың тұрғыны Қанат Жұмағалиев иелігіндегі «Жигулилерін» тапсыруды ұйғарған. Әйткенмен, олардың құжаттары әлі де толықтыруды қажет ететін болып шықты.

– Өзіңіз де байқаған шығарсыз, жұртшылықтың утилизациялау бағдарламасына ынтасы ерекше. Телефон арқылы хабарласып, немесе аяқтай келіп жатқандардың саны күннен-күнге өсіп барады. Қазірдің өзінде 150 адамның көлігі қабылданды, – деді ол.

Ескі көлікті өткізушілердің көптігінен қазірдің өзінде кезек қалыптаса бастапты. Ол орталықтың электронды операторы арқылы реттелуде. Дегенмен, Атырау тиісті  квотаны игеруде республика бойынша ортаңғы орында. Мұның себебі алыс аудандардағы техникаларды орталыққа жеткізудің қиындығында секілді. Заңдылығында, көлік иесі оны бекетке өз күшімен әкелуі тиіс. Басқа облыстарда кейбір кәсіпкерлер мұны жолға қойып, пайда таба бастаған. Мұнайлы өңірде оған ынта білдіргендер әзірге байқалмай тұр. «Соған қарамастан Қызылқоға, Құрманғазы, Исатай аудандарынан келіп жатқандар бар» дейді аймақтық менеджер.

Бекетке жеткізілген көлікті аймақтық менеджермен бірге біз де қабылдадық. Жауапты тұлға техниканың іші-сыртын суретке түсіріп, шанақтың нөмірін анықтады. Ескі «Фольксваген Гольф» біраз «ғұмыр» кешкенге ұқсайды. «Өкпесін сүйреткен» көлікті тұраққа жұмысшылар жұмылып итеріп, зорға дегенде апарып қойды. Алайда, көлікті тапсыру үшін техниканың қызып, жүріп тұруы міндетті емес екен. Менеджердің пікірінше, орталыққа жолданған құжаттардан көбіне кінәрат табылып, кейін қайтарылып жатады. Бұған қажетті сенімхатты жасақтамайтын тұрғындардың өздері кінәлі. Осы себептен кейбіреулер техникасын эвакуатор жалдап әкеліп, онысы өтпей, біраз шығынға қалатын көрінеді.

  • 2016 жылы республика бойынша тапсырылған ескі көліктің саны – 5665.
  • Бүгінде Атырау облысында 150 техника өткізілді.
  • Бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын көліктер қабылданады.
  • Биыл 40 мың техника қабылданады.

 

Қажетті мәлімет

Утилизациялық төлемнің көлемі автокөліктің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Ескі техникасын тапсыруды ойлағандардың біліп жүруі тиіс қажетті мәлімет мынадай:

  • Полициядан тиісті анықтама алынуы қажет.
  • Көлік есептен шығарылуы, банкіден ағымдағы есепшот ашылуы тиіс.
  • Егер көліктің шанағы (шассиі), есіктері, қақпағы, беріліс қорабы, радиаторы, капоты, жүксалғыш қозғалтқышы, дөңгелегі, аккумуляторы, бактері мен бөшкелері, пайдаланылған газ шығару жүйесінің тораптары мен детальдары бар болса, ол үшін 150 мың теңге беріледі. Одан аз жиынтығы – шанағы (шассиі), есіктері, қозғалтқышы болса – 48 мың теңгеге есептеледі. Бұл жағдайда машинаның бұл бөліктерінің өз орындарында орналасуы міндетті емес. Бастысы – олардың болуы және бөлшектенсе де көлік ішінде жатуы керек.
  • Құжаттар талапқа сәйкес жасақталып, жарамсыз көлік тапсырылған жағдайда оның иесі ӨКМ-нің Call Center операторының 8 800 080 08 65 телефонына хабарласып, кезекке тұрады. Қажетті мәліметтерді www.avto.recycle.kz сайтынан алуға болады.
  • Өтемақы 15 жұмыс күні ішінде банктегі есепшотқа аударылады.
  • Құжат күдік тудырған жағдайда бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысады.

Азамат Базарбаев

Related Articles

One Comment

  1. ескі ауылшаруашылық техникасы оның ішінде жүруге келетін комбайындады сатып аласыздарма?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button