ЕСКІ ҮЙЛЕРДІҢ ЕКІНШІ

Терможаңғырту бағдарламасы – оны іске асырудың бірден-бір жолы

Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді терможаңғырту жұмыстары биыл да қарқынды жалғасын тапты. Ағымдағы жылы Атырау қаласы бойынша жиырмадан астам көппәтерлі тұрғын жайларды күрделі жөндеумен қамту жоспарланған еді.

 

Қаражаты шешіліп, мердігері мерзімінде анықталып, жұмыс басталып, кестеге сай жүргізілуде дегенмен, оның барысында кейбір кедергілер мен баяулап қалған тұстардың да орын алып отырғандығы жасырын емес. Тіпті, жөнге келтіріліп, жаңғыртылып қойған үйлердің өзінде мердігерлерден өзге коммуналдық, басқа да қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан орындалатын іс-шаралардың бір уақытта, қабаттаса жүргізілмеуі себепті біткен шаруаның өзін қайталап жасауға тура келетін жайлар кездеседі. Оның үстіне, пәтер иелерімен (жекелеген тұрғындармен) келісім-шартқа отыру, ай сайынғы ақысын төлеу, т.б. мәселелерде қиындықтардың туындап отырғаны да шындық.

Осыған орай, шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев өзінің орынбасарларымен, жауапты бөлімдер, мекемелер басшыларымен бірге қаладағы терможаңғырту жұмыстарының жайымен танысты. Алғашқы маңдай тірегені Авангард-3 мөлтекауданындағы №42 және 43 көпқабатты үйлер болды. Бұлардың екеуі де «Ануар-Авангард» пәтер иелері кооперативіне (төрайымы Людмила Шараватова) қарайды. Алдыңғысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Бакар», ал соңғысына «Үйшік building» ЖШС-тері екен.

Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жоспарланған жұмыстар толығымен аяқтала келген. Атап айтқанда, екі үйдің төбешатырлары ауыстырылып, кірмедәліздері жаңартылған. Жертөлесіндегі инженерлік-коммуникациялық жүйелері де жөнге келтірілген. Электр қуатын есептеу қондырғыларының қораптары жаңасымен алмастырылып, домофондар орнатылған. Кабельді теледидардың желілері қайтадан тартылған. Бір кемшілігі, осы шаруалардың бәрі бір мезгілде атқарылмағандықтан, ілгерірек жасалып кеткен жұмыстарды қайталауға тура келген.

Келесі кезекте назар аударылғаны – Балықшы кентінің А.Құнанбаев көшесіндегі №15, 15а, 19 және 30 көпқабатты үйлер (әрқайсысында 50, 70, 100-ден пәтер бар). Салынғанына, алды отыз жылдан асқан, соңына жиырма жыл толып, тозығы жеткен бұл үйлердің де жағдайы ескеріліп, терможаңғыртумен қамтылуға жататын нысандардың тізіміне кіргізілген. Жоспарланған жұмыстарды орындау «Эра», «ГИЛ СЕР», «Бәйтерек Каспий Сервис» ЖШС-тері мен «Гаджиев» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген. Бұлардың да өз міндеттерін мейлінше тиянақты, ыждағатты атқаруға тырысқандары аңғарылды. Ең алдымен жылдар бойына лас суға толып тұратын жертөлелер құрғатылған. Одан соң кірмедәліздердің есіктерінен бастап, баспалдақтары, қабырғалары жөнделген. Төбешатырлары мен балкондары ғана емес, әр үйдің іргетас қабатының да ішкі-сыртқы беттері әрленіп, адам танымастай өзгертілген. Арасында шалағайлау, атүсті жасалып кеткен тұстардың да барлығы байқалды. Соған қарамастан, салыстырмалы түрде белгіленген іс-шаралардың бекітілген кестеден ауытқымай, сапалы да жауапкершілікпен жүзеге асырылғандығы атап өтілді. Әсіресе, «Бәйтерек Каспий Сервис» серіктестігі (директоры Қайырбек Тоқмұрзиев) ұжымының бұл реттегі еңбегі ерекше атауға лайықты екендігін қала әкімінің өзі тілге тиек етіп, мысалға келтірді. –

– Егер әрбір мердігер компания мойнына алған міндетіне жауаптылық танытып, уақытпен санаспай мінсіз орындауды мақсат тұтса, нәтижесінің де көңілден шығатыны даусыз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы. – Міне, өздеріңіз де көріп тұрсыздар, осыған дейін аралап шыққан үйлермен салыстырғанда, мұнда барлық шаруаның ойластырылып, ұқыптылықпен, іске шын жанашырлықпен жасалғандығы анық аңғарылып тұр. Жертөлені құрғатып қана қоймай, оны халықтың игілігіне жарату, үйдің ішкі жағын, яғни кірмедәлізін әрлендірумен бірге қасбетінің де әспетіне көбірек көңіл бөлінгенін айтқанымыз ләзім.

Бұдан соң шаһар басшысы қаланың Абай көшесіндегі №15 а және Махамбет көшесі, №116 үйлердің қабаттары мен пәтерлерінің жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Берілген ақпараттардан, әкім аралаған қай нысанда болмасын, терможаңғырту жұмыстарының жоспарлы түрде жүзеге асырылып, мемлекеттік қабылдау сатысында тұрғандығын білдік. Соған қарамастан, қазынадан қыруар қаражат пен күш жұмсалынып жатқан бұл олқы тұстардың да табылатындығы аз еместігіне көз жеткіздік.

Атап айтқанда, кесте бойынша атқарылуы жоспарланған жұмыстар қараша айына дейін аяқталып, тапсырылуға тиісті болғанымен, біз аралаған үйлердің қайсыбірінде бұл шаруаның әлі де бітіңкіремей, үздік-создық күйде тұрғанын, барының өзі де тиянақсыз жасалғандығын байқадық. Осыларды қаперге алған қала әкімі бұларды тез арада жұмысшы комиссиясында қарап шарасын алуға, көрсетілген кемшіліктер әбден түзетіліп, жағдай дұрысталғасын ғана оны мемлекеттік қабылдау комиссиясының назарына ұсынуға болатындығын алға тартты. Бұл жөнінде іске қатысты адамдардың бәрінен де қатаң жауапкершілік сұралатынын ескертті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз